2024 жыл 27 желтоқсан күні Maqsut Narikbayev University (MNU)-де Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі делегациясымен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – Жоғары Сот Кеңесінің қызметін түсіндіру, студенттер мен қатысушыларды судьяларды қалыптастыру процесімен таныстыру, сондай-ақ сот жүйесіндегі кәсіби талаптар мен мүмкіндіктер туралы ақпараттандыруды арттыру.
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі – бұл судьялардың тәуелсіздігін қорғап, олардың қолсұғылмаушылығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ сот жүйесін қалыптастыруда Президенттің өкілеттіктерін іске асыратын дербес мемлекеттік орган. Кездесу барысында Кеңес төрағасы Дмитрий Малахов судьяларға қатысты кадрлық мәселелердің басым бөлігі, соның ішінде кандидаттарды даярлау және қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыру мәселелері Кеңестің құзыретіне кіретінін атап өтті. Кеңестің қызметін кеңінен таныстыру және болашақ заңгерлердің хабардарлығын арттыру мақсатында заң кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарымен кездесулер ұйымдастырылуда.
“Maqsut Narikbayev University – ұлттық және халықаралық рейтингтерде алдыңғы орындарды иеленген, еліміздегі үздік университеттердің бірі. 1994 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған бұл оқу орны құқықтық білім мен заң реформаларының негізгі орталығына айналды,” – деп атап өтті Дмитрий Малахов.
Ол сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін ерекше атап өтіп, олардың қатарында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Азаматтық кодексін әзірлеушілер, сондай-ақ ғылыми еңбектер мен оқулықтардың авторлары бар екенін айтты.
Іс-шараға MNU Басқарма төрағасы Талғат Мақсұтүлы, университет Провосты Сергей Геннадьевич, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері Нұрия Оралжанқызы Сисенова, Аскербек Бейсембекұлы Жакулин, Ернар Нұрланұлы Бегалиев, Ғафур Хамзеұлы Шаров, сонымен қатар Әділет академиясының Вице-ректоры Қанат Қалқаманұлы Мусин және Кеңес аппараты басшысының орынбасары Лаура Серікқызы Курмантаева қатысты.
Бұл іс-шара жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және болашақ заңгерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.