2023 жылы Maqsut Narikbayev University-де Халықаралық журналистика мектебі (ХЖМ) ашылды. Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенімен (ТРК) серіктестікте пайда болған мектеп дарынды жастарды қолдау мен кәсіби дамытудағы, қоғам мен мемлекеттің заманауи коммуникативтік сұраныстарына жауап беретін журналистік корпусты қалыптастырудағы маңызды қадам болды. ХЖМ деканы Айгүл Жамалова болашақ журналистерді даярлау туралы, MNU-да оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктерімен және мектептің артықшылықтарымен бөлісті.
– Айгүл Тимурқызы, өткен аптада сіз Халықаралық журналистика мектебінің (ХЖМ) деканы болып тағайындалғаныңызға тура бір жыл толды. Осы кезең ішінде қол жеткізген басты жетістіктер мен жүзеге асқан маңызды жобалар туралы айтып өтсеңіз?
– Бұл Халықаралық журналистика мектебінің қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мен декан қызметіне тағайындалғанда, алдымда тұрған басты міндет – мектептің миссиясын айқындау және оның даму стратегиясын құру еді. Әрине, бұл – бір жыл ішінде толық аяқталмайды. Дегенмен, өткен кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз ең алдымен оқу процесін жаңартуға ерекше назар аудардық. Мысалы, екінші курсқа өткен сәттен бастап студенттерге бейнежурналистика немесе аналитикалық журналистика бағыттарының бірін таңдау мүмкіндігі берілді. Бұл бағыттардың әрқайсысында тереңдетілген кәсіби білім беретін арнайы пәндер қарастырылған. Бұл студенттердің таңдаған саласы бойынша кәсіби дағдыларын терең меңгеруіне жол ашады. Сондай-ақ біз практикалық даярлықты күшейттік – студенттер оқиға орнынан репортаж жасай бастады, ал олардың кәсіби шеберлігін барынша жетілдіру мақсатында оқу жылы бойы жалғасатын оқудан тыс практика енгізілді.
ҚР Президентінің телерадиокешені қолдауының арқасында ел ішінде де, одан тыс жерлерде де индустриямен серіктестік пен байланыс орнаттық. Al Jazeera және Euronews сынды медиа алпауыттармен меморандумдарға қол қойылды. Bloomberg пен BBC өкілдері біздің студенттерге қонақ дәрістер оқыды. Сондай-ақ National Public Radio өкілі Қазақстанға жасаған сапары барысында мектебімізге арнайы келді. Бұл медиабрендтер – жаһандық деңгейде зор беделге ие, сол себепті біз үшін бұл – үлкен жетістік.
Ақырында, бұл, әрине, мектебіміздің беделі мен танымалдығының артуы – бұл жетістікке біз студенттеріміздің табыстары арқылы қол жеткізіп келеміз. 2024 жылы олар журналистика бойынша өткен Республикалық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Бұл байқауға еліміздің 20-дан астам журналистика факультеттерінің өкілдері қатысқан болатын. Қараша айында Астанадағы журналистика факультеттері арасында өткен «ESIRTKISIZ ELORDA» қалалық байқауында да біздің студенттер 1-ші және 2-ші орындарды қанжылады. Олар сценарийді өздері жазып, бейнеролик түсіріп, монтаждауды да өздері жасады. Бірінші, екінші курс студенттері болса да, медиа нарығында сұранысқа ие. Мысалы, Tengrinews.kz порталының ағылшын тіліндегі нұсқасын дамытуға жауапты – біздің студенттер. Олар брендтің цифрлық платформалардағы көрінісін қалыптастыруға үлес қосып жатыр, TikTok-ты да жүргізеді. Егер сол әлеуметтік желіге жазылған болсаңыз, не туралы айтып тұрғанымды жақсы түсінесіз деп ойлаймын.
– Мектептің ерекшелігі неде және ол басқа жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерінен несімен өзгешеленеді? ҚР Президентінің телерадиокешенімен серіктестік Халықаралық журналистика мектебіне қандай артықшылық береді?
– 2023 жылдың маусым айының соңында ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева мен MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев арасында халықаралық журналистика мектебін іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат дарынды жастарды қолдау мен кәсіби дамытудағы, қоғам мен мемлекеттің заманауи коммуникативтік сұраныстарына жауап беретін журналистік корпусты қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

Біздің мектептің форматы – ерекше. Өйткені, академиялық білім беру бағдарламасы еліміздегі ірі медиакомпаниямен серіктестік негізінде жүзеге асырылып отыр. Студенттер үшін басты артықшылық – елдегі жетекші медиаалаңдарда тәжірибеден өту мүмкіндігі. Атап айтқанда, бұл – «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігі, Silk Way, Jibek Joly телеарналары және Деректі фильмдер орталығы. Тағы бір маңызды артықшылық – оқытушыларды аталған медиаалаңдардан шақыру. Бұл – мектебіміздегі тәжірибеге бағытталған оқыту тұжырымдамасын нақты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұған дейін ТРК тарапынан студенттерге білім алу үшін арнайы гранттар да бөлінген болатын.
Серіктестеріміздің қолдауының арқасында ХЖМ-ға шетелдік медиакомпаниялардың жоғары лауазымды өкілдері мен топ-менеджерлері жиі келеді. Бұл – студенттеріміз үшін кәсіби тұрғыдан өсуге қосымша мүмкіндік ашады. Сонымен қатар, мамандарды жұмысқа алу кезінде ТРК көбінесе дәл біздің студенттер мен түлектерге басымдық беретінін атап өткен жөн. Бұл – екі тарап үшін де тиімді жағдай қалыптастырады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Халықаралық журналистика мектебінің атынан ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Жанабергенқызына мектебіміздің дамуына атсалысқаны мен қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді.
– Қазіргі таңда Халықаралық журналистика мектебінде қанша студент білім алып жатыр және оларға қандай мүмкіндіктер ұсынылған? Магистратурада осындай бағдарлама іске қосу жоспарланып жатыр ма?

– Қазіргі таңда Халықаралық журналистика мектебінде 255 студент білім алуда. Әрбір студент үшін бұл – бірінші курсынан бастап практикалық дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін сапалы білім алудың ерекше мүмкіндігі. Біз студенттерді қажетті жабдықпен қамтамасыз етеміз: камералар, штативтер, линзалар, батареялар, әртүрлі микрофондар, сондай-ақ ашық және жабық түсірілім алаңдарында контент жасауға мүмкіндік береміз. Тағы бір маңызды артықшылық – біздің оқытушыларымыз – медиа саласында жұмыс істейтін тәжірибелі журналистер. Бұл студенттер үшін тамаша нетворкинг мүмкіндіктерін ашып, болашақта медиа нарығында жұмысқа орналасуды жеңілдетеді. Магистратураға келетін болсақ, бұл мәселе талқылануда, бірақ қазіргі уақытта біздің басты назарымыз бакалавриат деңгейінде білім беру бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған. Осы деңгейде біз, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарына магистратураға түсуді жоспарлап отырғандар үшін тамаша негіз беретінімізге сенімдімін.
– Өзіңіз білетіндей, медиа нарық өзгерістерге ұшырауда. Диджитализация дәуірінде көптеген бұқаралық ақпарат құралдары трансформациядан өтіп, конвергентті және мультимедиялық журналистикаға сұраныс артып келеді. Сонымен қатар, халық арасында ақпаратты тұтыну да өзгеруде. Осы процестерді ескере отырып, Maqsut Narikbayev University қандай журналистерді дайындауға басымдық беруде? Қазіргі таңда студенттерге теорияны ғана емес, мультимедиялық құралдармен жұмыс жасауды үйрету қаншалықты маңызды?
– Мультимедиалық журналистика – бұл тек тренд емес, бұл шынайы өмір. Заманауи журналист өз контентінің продюсері болуы тиіс: жазу, түсіру, монтаждау, материалдарды түрлі платформаларға бейімдеу керек. Maqsut Narikbayev University-де біз дәл осы формула бойынша білім беруді құрып жатырмыз: теория + практикалық және цифрлық дағдылар + редакциялардағы практика.
–Әрине, профессорлық-оқытушылық құрамның орны ерекше. Сіз атап өткендей,болашақ журналистерді негізінен тәжірибелі мамандар оқытады. Неліктен осындай шешім қабылданды және сіздің пікіріңізше, басқа жоғары оқу орындары да маман таңдау барысында өз академиялық процестерін қайта құруы қажет пе?
– Халықаралық журналистика мектебінде біз шынымен де тәжірибелі мамандарға ерекше назар аударамыз, себебі медиа – жанданған, динамикалық индустрия, және студенттерге осы салада қазіргі уақытта жұмыс істейтін адамдардан білім алу маңызды. Алайда, біз теория мен практиканы бір-біріне қарсы қоймаймыз, керісінше олардың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз.
Басқа университеттерге келетін болсақ, білім беру тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін және көп нәрсе олардың білім беру мақсаттарына байланысты. Бірақ менің ойымша, қазіргі журналистика тәжірибеге бағытталған оқытуды қажет етеді және бұл үрдіс тек күшейе түседі.

– Сіздің тәжірибеңізде отандық телеарналарда жұмыс істеу, Ұлыбританияда білім алу, әртүрлі digital-стратегияларды іске қосу және PR саласында қызмет атқару бар. Осындай кең тәжірибені ескере отырып, сіздің пікіріңізше, қазіргі замандағы журналист қандай болуы керек? Оның негізгі дағдылары қандай?
– Бүгінгі күні журналист болу 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Бұрын, егер адам жақсы жазатын болса, редакция оның күрделі мінезі немесе басқа салалардағы кемшіліктеріне көз жұма қарайтын. Қазір талаптар жоғары: журналист тек сөзбен жұмыс істеп қана қоймай, түрлі форматтармен де жұмыс істеуі керек – продюсер болу, түсіру, монтаж жасау. Сонымен қатар, қоғамның талаптары да өзгерді. Заманауи журналист – бұл жоғары деңгейдегі этика, сыни ойлау және командалық жұмыс дағдыларына ие адам. Жою мәдениеті кәсібилік пен жауапкершілікті медиа қызметкердің ажырамас қасиеттеріне айналдырады. Эмоциялық интеллект, бейімделу және коммуникативтік дағдылар болмаса, аудиториямен сенімді қарым-қатынас орнату қиын. Ал сенім – бүгінгі күні ең маңызды актив.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы БАҚ қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты шарада атап өткендей, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Maqsut Narikbayev University-нің миссиясы – адамдарға сапалы және қолжетімді білімді ұсына отырып, қызмет ету. Сіздің пікіріңізше, болашақ журналистер үшін, әсіресе материалдар дайындау барысында, ұлттық мүдделерді бірінші орынға қою қаншалықты маңызды?
– Мен Мемлекет басшысының журналистер ұлт үшін қызмет етеді және ел тағдырын шешуге атсалысады деген сөздерін толықтай қолдаймын. Білім беру процесінде біздің студенттерге дәл осыны беруге тырысамыз. «Төртінші билік», әлеуметтік жауапкершілік теориясы, демократиялық модель теориясы, Халлин мен Манчинидің медиа иеленудің төрт жүйесі туралы теориялары сияқты көптеген тұжырымдамалар бар – олардың барлығы журналистердің қоғамдық мүдделерді бірінші орынға қоюының маңыздылығын атап көрсетеді. Менің пікірімше, маңыздысы – теңгерімді сақтау. Бұл теңгерім журналист саяси, коммерциялық немесе жеке мүдделерін қоғам мүдделерінен жоғары қойған кезде бұзылады. Журналистердің жұмысы ашықтықты қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықпен күресу, түрлі көзқарастарды ұсыну және азаматтардың ақпараттылығын арттыру арқылы қоғамның пайдасына бағытталуы қажет. Бірақ бұның барлығы кәсіби этика шеңберінде жасалуы тиіс, өйткені манипуляция құралына айналмау өте маңызды. Бұл қағидаттар болашақ журналистер үшін ғана емес, қазіргі журналистер үшін де негізгі болуы тиіс.

– Бұған дейін MNU-да Al Jazeera халықаралық телеарнасының мамандары тренинг өткізген болатын. Сонымен қатар, біздің университет негізінде Euronews Академиясы жұмысын бастады. Осы мүмкіндіктер студенттерімізге қандай мүмкіндіктер әкелді және отандық, сондай-ақ шетелдік медиа компаниялармен серіктестікті кеңейту аясында қандай жұмыстар жүргізілуде?
Алдымен, бұл – мансаптық мүмкіндіктер: практика, тағылымдамалар және болашақта жұмысқа орналасу. Екіншіден, нетворкинг. Студенттер әлемдік деңгейдегі мамандарға қол жеткізіп, оларға сұрақтар қоюға, байланыс орнатуға және шетелдегі индустрияның қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінуге мүмкіндік алады. Үшіншіден, кәсіби стандарттарды дамыту. Жергілікті журналистер жиі халықаралық әріптестеріне қарап, үздік тәжірибелерді қабылдайды, жаңа форматтардан шабыт алады. Ал ең бастысы – енді біздің студенттерге шетелге шығу қажет емес. Меморандумдар арқасында жетекші мамандар университетке келіп, өз білімдерімен бөлісіп, тренингтер өткізіп, студенттерге дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Қазіргі уақытта біз шетелдік медиакомпаниялармен ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарымен де серіктестікті кеңейтудеміз. Ынтымақтастық форматтарын ойластырып, MNU Халықаралық кеңсесімен бірге академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамытып жатырмыз. Биыл алғаш рет біздің мектептің екі студенті Малайзия мен Словакияға алмасу бағдарламасы бойынша барады – бұл тек бастамасы. Біз бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай нығайтуды жоспарлап отырмыз.
– Жақын арада ХЖМ алғашқы мамандарды шығарады. Алдағы жылдарға өз алдыңызға және мектепке қандай негізгі мақсаттар қоясыз?
– Иә, бұл біздің мектеп үшін ерекше оқиға. Мен осы студенттерге сабақ бердім, сондықтан бұл студенттердің диплом алу сәті мен үшін жеке және эмоционалды мағынаға ие. Бірінші болу – әрқашан сын-қатер, бірақ бұл сондай-ақ жоғары талап қою мүмкіндігі. Бұл икемділікті, амбицияны және өзгерістерге бейімделуге дайын болуды талап ететін үлкен жауапкершілік. Олардың кәсіби жолы біздің оқуға қаншалықты дұрыс көңіл бөлгенімізді көрсетеді. Бірақ олардың дипломдарын алмас бұрын біз оқу бағдарламасын көп талдап, түзетулер енгіздік, себебі, медиа орта өте жылдам өзгеруде.
Біздің басты мақсатымыз өзгеріссіз: әртүрлі жанрлар мен форматтарда сенімді жұмыс істейтін кәсіби медиа мамандарды дайындау – аналитикалық журналистикадан бастап digital-контентке дейін. Бұл ретте, олардың тек техникалық дағдыларды ғана меңгеріп қоймай, сыни ойлай білулері, өзгерістерге бейімделулері және қоғам алдындағы өздерінің жауапкершілігін түсінулері маңызды.
– Халықаралық журналистика мектебіне түскісікелетін талапкерлерге қандай кеңес бересіз?
Мен талапкерлерге өз қызығушылықтарын білдіріп, қызығушылық танытудан қорықпауға кеңес берер едім. Маған Стив Джобстың 2005 жылы Стэнфорд университетінде диплом тапсыру рәсімінде айтқан «Stay hungry. Stay foolish» сөздері қатты ұнады. Сол сияқты, біз жаңа мүмкіндіктер мен дамуға деген ұмтылысын жоғалтпайтын талапкерлерге мүдделіміз.
Біз аудиторияда ғана емес, сонымен қатар одан тыс жерде білім алуға дайын, нақты жобалармен жұмыс істеп, сала мамандарымен қарым-қатынас орнатуға және қоғамдағы өз рөлі туралы ойлана білетін студенттерді іздейміз. Сондықтан, егер сіз журналистикада дамуға құштар болсаңыз және қиындықтардан қорықпасаңыз – сіздер бізге келесіздер!

– Мазмұнды әңгіме үшін рахмет!
Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық журналистика мектебінің қызметімен сайттың арнайы бөлімінде және Instagram парақшасында танысуға болады.