Maqsut Narikbayev University-де (MNU) БҰҰ даму бағдарламасы мен Еуропалық комиссияның қолдауымен Орталық Азиядағы Kapuscinski Lectures жобасының тұсауы кесілді. Алғашқы дәрісті Кембридж университетінің профессоры Абхиманью Шарма өткізді. Оның «Тіл саясаты: даму және инклюзия» тақырыбындағы дәрісі MNU студенттері мен университет қонақтары арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Абхиманью Шарма – тіл саясатының маманы. Оның докторлық диссертациясы Үндістан контекстіндегі Еуропалық Одақтың тіл саясатына бағытталған. Kapuscinski Talks аясындағы дәрісінде ол тіл саясатының дамуды қалай қалыптастыратыны туралы білімімен бөлісіп, негізгі екі бағытқа назар аударды: ағылшын тіліндегі білім берудің рөліне және ымдау тіліндегі оқытудың болмауына байланысты есту мүмкіндігі шектеулі жандар қауымының шеттетілуі.
Баяндама барысында спикер тіл саясатының екі негізгі қырын бөліп көрсетті. Бірінші бөлімде мемлекеттік саясаттың, тіл саясаты мен даму ұғымдарының негізгі түсініктері қарастырылды. Екінші бөлім Үндістандағы ағылшын тілінің рөліне, тұлғалық бірегейлік пен әлеуметтік мобильдік мәселелеріне арналды. Үшінші бөлімде профессор есту қабілеті бұзылған адамдарға қатысты саясатқа, әлеуметтік стигма мен ымдау тілдерінің маңыздылығына тоқталды.

«Тілдер көбінесе тек қарым-қатынас құралы ретінде ғана қабылданады. Мұндай қарапайым түсінік тілдердің күнделікті өмірге ықпалы саяси партиялар немесе әлеуметтік топтардың қызметімен салыстырғанда саясаткерлер үшін оншалықты айқын болмауынан туындауы мүмкін. Алайда, тіл – тек қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар бірегейліктің маңызды белгісі екенін еске салу қажет. Тіл адамның өзін қалай ұғынатынына және өзінің қай ортаға тиесілі екенін қалай анықтайтынына тығыз байланысты болғандықтан, ол мемлекеттік саясат жүйесінде маңызды орын алуы тиіс», – деді Абхиманью Шарма.
Профессор ерекше назарын дауысы тым жиі елеусіз қалатын – маргиналданған тілдік қауымдастықтардың өкілдеріне аударды. Оларды қоғамдық, білім беру және мәдени күн тәртібіне қосу – бұл жай ғана әділеттілік емес, тұрақты әрі инклюзивті дамудың маңызды шарты. Спикердің пікірінше, мұндай адамдарға өз даусын естіртуге мүмкіндік беру, ресурстарға қолжетімділік пен шешім қабылдау процесіне қатысуын қамтамасыз ету – яғни, әр адам өз маңыздылығын және қандай да бір қауымдастыққа тиесілі екенін сезіне алатын болашақты шын мәнінде қалыптастыру деген сөз.
«Тіл саясаты әлеуметтік шоғырлану процестеріне де, әлеуметтік шиеленістің қалыптасуына немесе керісінше ушығуына да айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, тіл мемлекеттің саяси және мәдени келбетін анықтауда шешуші рөл атқарады. Сондықтан тілдік көпбейненің стратегиялық және инклюзивті басқарылуы тұрақты және әділ мемлекеттік дамудың қажетті элементіне айналады», – деп атап өтті Абхиманью Шарма.
Айта кетейік, Kapuscinski Lectures жобасы көрнекті поляк тілшісі және жазушысы Рышард Капущинскийдің есімімен аталады. MNU осы халықаралық бастаманың бір бөлігі болғанын мақтан тұтады, сонымен қатар ашық, әділ және инклюзивті қоғам құруға ықпал етеді.