MNU Logo
XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан – батыс саяхатшыларының көзімен: MNU-да бірегей архив материалдары көрсетілді - MNU

29.04.2025

XIX–XX ғасырлардағы Қазақстан – батыс саяхатшыларының көзімен: MNU-да бірегей архив материалдары көрсетілді

Maqsut Narikbayev University-де (MNU) «Орталық Азия XIX-XX ғасырлардағы Батыс зерттеушілері мен саяхатшыларының көзімен» жобасы аясындағы алғашқы көрме өтті. Іс-шара барысында сол тарихи кезеңдегі өңір өмірін айқын бейнелейтін бірегей архив материалдары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрме Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, танымал мажар шығыстанушысы және саяхатшысы Арминиус Вамберидің еңбектеріне арналды. Экспозицияда оның 1868 жылы жарық көрген «Орталық Азияға саяхат» атты кітабынан цифрланған фотоматериалдар мен тарихи суреттер топтамасы қойылды. Көрмеге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, тарихшылар, халықаралық сарапшылар және журналистер қатысты.

«Maqsut Narikbayev University-дегі бұл көрме – түркітану ғылымының дамуы мен Мажарстанда қалыптасуын көрсететін маңызды оқиға. Арминиус Вамбери – әлемдік түркітанудың негізін қалаушылардың бірі. Ол Орталық Еуропаға қоныстанған мажар тайпаларының шығу тегін зерттеуге бар ғұмырын арнады. Сонымен қатар мажар тілі түркі тілдеріне жата ма, әлде фин-угор тілдік тобына ма деген бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған ғылыми пікірталасты да алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Оның еңбектері Мажарстан мен Орталық Азия халықтары арасындағы рухани байланыстың берік негізін қалады. Соның арқасында қазақтар мен мажарлар арасындағы туыстық сезім бүгінге дейін сақталып отыр», – деді Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона.

Жобаның негізгі мақсаты – Батыс этнографтары, шығыстанушылары, саяхатшылары мен лингвистерінің көзқарастары арқылы Орталық Азияның тарихи мұрасын кеңінен насихаттау. Цифрланған архив материалдарының, оның ішінде National Geographic сияқты беделді басылымдардың жарияланымдарының арқасында көрме қонақтары аймақтың түрлі тарихи кезеңдердегі өмірі, мәдениеті мен саясатының батыс елдерінде қалай қабылданғанын тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

«Арминиус Вамберидің Орталық Азияға жасаған саяхаты әртүрлі өркениеттер арасындағы өзара түсіністікке жаңа жол ашты. Осы тарихты университет қабырғасында бөлісе алғанымызға біз ерекше қуаныштымыз. Maqsut Narikbayev University-де біз зерттеушілік рухты, пікір алмасу және тарихқа деген құрметті жоғары бағалаймыз. Осындай мәдени бастамаларды қолдау – біздің халықтар арасындағы көпірлерді нығайту және студенттерімізді өз мұрасын ғана емес, әлемдік мәдениеттердің байлығын да бағалауға шабыттандыру жолындағы кең міндеттеріміздің бір бөлігі», – деді MNU Провосты Сергей Пен.

Сергей Пен атап өткендей, бұл іс-шара Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз байланыстардың айқын көрінісі. Ол Мажарстан Елшілігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігіне бірлескен ұйымдастыру жұмыстары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар көрменің маңыздылығы мен өзектілігі туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов та өз ойын білдірді.

«Мыңдаған жылдар бойы Орталық Азияның кең далалары, шөлдері мен қалалары өркениеттер арасындағы көпір қызметін атқарып келеді. Бұл – саудагерлер, ойшылдар мен саяхатшылар құрлықтар арқылы тек тауарлар емес, идеялар мен шабыттар да тасымалдаған мекен. Бұл – Шығыс пен Батыс тоғысатын, Ұлы Жібек жолы өркениетін біріктіріп, бүгінде бізге ортақ шабыт сыйлайтын өңір», – деді Еркін Тұқымов.

Айта кетейік, Maqsut Narikbayev University-де жастардың рухани-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы басты жұмыстардың бірі – студенттердің «Қазақстан тарихы» пәнін жаңа форматта меңгеруі. Оқытудың бұл үлгісінде теориялық біліммен қатар, еліміздің тарихи орындарына бару, сондай-ақ театрландырылған қойылымдарға қатысу сынды тәжірибелік элементтер де қамтылған.

Фото 1
Фото 2
Фото 3
Фото 4
Фото 5
Фото 6

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Барлық жаңалықтар
Барлық жаңалықтар
Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз