Maqsut Narikbayev University-де (MNU) «Зияткерлік меншік және бизнес құқығы» магистрлік білім беру бағдарламасының алғашқы түлектеріне диплом табысталды. Бағдарлама өткен жылы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымымен (ДЗМҰ) бірлесіп іске қосылды.
Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан және Танзаниядан келген 18 маман жыл бойы авторлық және патенттік құқық, тауар таңбалары, инновацияларды коммерцияландыру, халықаралық кәсіпкерлік құқық және басқа да пәндерді оқыды. Профессорлық-оқытушылық құрам MNU, ДЗМҰ академиясы, британдық және сингапурлық жоғары оқу орындары өкілдерінен құралған. Магистрлерге дипломдарды 30-шы мерейтойлық түлектер кешінде Maqsut Narikbayev University провосты Сергей Пен мен ҚР әділет вице-министрі Даниель Ваисов табыстады.
«Барлық түлектерді диплом алуларымен құттықтаймын. Бұл білім сізге құқық саласында үлкен маман болуға көмектеседі деп үміттенемін. Өздеріңіз білетіндей, ДЗМҰ – зияткерлік меншікті қорғау стандарттарын қалыптастыратын халықаралық ұйым. Әділет министрлігі осы саладағы уәкілетті орган ретінде кадрлық әлеуетті қалыптастыруға, заңгерлерді дамытуға баса назар аударады», – деді Даниель Ваисов.
Айта кетейік, Maqsut Narikbayev University жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің 16 бағдарламасын іске асырады. Биыл 130 адам магистр дәрежесін алды.
