Елордалық жастарды есірткінің таралуына қарсы белсенді әрекет етуге шақырды. Maqsut Narikbayev University-де «Студент жастарды есірткі ортасына тарту факторларын азайту» тақырыбында іс-шара өтті.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында өтіп, 300-ге жуық адамды біріктірді. Олардың арасында елордалық оқушылар да болды. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысушыларды қарсы алып, есірткі қаупімен күресте қоғамды біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шарада ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Гиннес рекордтар кітабының жеті дүркін рекордсмені Сергей Цырульников, танымал имам Нұрлан Асанов, журналист Динара Ақылжанова және Киокушинкай-кан каратэ Республикалық ұлттық федерациясының вице-президенті Сайранбек Әбілқайыров сөз сөйледі. Спикерлер есірткіні насихаттау мен таратуға қарсы жүйелі күреске жастардың қатысуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар MNU Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева студенттердің «Жауап бер» жобасын таныстырды.
Іс-шара барысында құқық қорғау органдарының мүмкіндіктері де көрсетілді. ҚР ІІМ кинологиялық қызметінің қызметтік иттері командаларды шебер орындау мен шартты қылмыскерді ұстаудың үлгісін көрсетті. «Арлан» арнайы бөлімшесінің сарбаздары жоғары дайындық деңгейі мен көрнекі өнер көрсетті.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда 4,6 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталған.




