
Maqsut Narikbayev University (MNU) басшылық құрамында кадрлық өзгерістер болды. Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект (ЖИ) жөніндегі орынбасары қызметіне Сергей Пен тағайындалды.
Университетте басқару құрылымын трансформациялау барысында академиялық блоктан ғылым, инновация және ЖИ-ді біріктіретін жаңа бағыт бөлінген. Ол үшін қосымша лауазым – басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары пайда болды. Бұл шара зерттеу әлеуетін дамытуға, инновацияларды енгізуге және білім беру мен ғылыми процестерде ЖИ-ді пайдалануға жеке назар аударуға мүмкіндік береді. Айта кетейік, MNU құрылымында жаңа лауазымның енгізілуі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған республиканы цифрлық мемлекетке айналдыру мақсатын іске асыру аясында аса өзекті болып отыр.
Сергей Пен еңбек жолын 2001 жылы Қарағанды қаласының полициясында тергеуші болып бастаған, содан кейін мансабын ғылым мен білімге арнаған. Әр жылдары ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтының оқытушысы, доценті, Қарағанды «Болашақ» университеті Заң факультетінің деканы болып жұмыс істеді. 2012 жылы Maqsut Narikbayev University командасына қосылды, онда Қылмыстық іс жүргізу құқығы және криминалистика кафедрасын басқарды, Құқық жоғары мектебінің деканы болды, ал 2019 жылы Провост (ректор) болып тағайындалды.
Сергей Пен ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын үздік бітірген (2001 ж.). Ол ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Қазақстан заңгерлер одағының, Конституциялық және Жоғарғы соттар, Әділет министрлігі жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестердің құрамына кіреді. Сондай-ақ заң ғылымдарының кандидаты, доцент және бірқатар ғылыми жарияланымдардың авторы болып табылады.
MNU Сергей Геннадьевичті тағайындалуымен құттықтайды және оның тәжірибесі мен көшбасшылығы университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдіреді.