Maqsut Narikbayev University-де «Заң, ғылым және практика: халықаралық тәжірибені ескере отырып, иттер мен мысықтардың популяциясын бақылауды шешудің тиімді жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сарапшылар жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Конференция жануарларды құқықтық қорғау саласындағы халықаралық сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен қоғам қайраткерлерін біріктірді. Негізгі мақсат – заңнаманы жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу және табысты халықаралық тәжірибемен алмасу. Іс-шараны «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттары палатасының қолдауымен, MNU Animal Law орталығы мен «INUCOBO» жануарларды қорғау қауымдастығы бірлесе өткізеді.
Конференцияға қатысушылар Қазақстан өңірлеріндегі құтыру жағдайына қатысты алаңдатарлық деректерді ұсынды. Мәселен, Шымкентте өткізілмеген конкурсқа байланысты 2023-2024 жылдары құтыруға қарсы вакцинация жүргізілмеген. Бұдан басқа, республиканың бес облысында 25 құтыру ауруы тіркелген.
«Біз жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі төңірегінде сарапшылық ортаны жинағымыз келеді. Себебі біз бұл мәселеге қатысты негізсіз немесе эмоциялық пікірлерге жиі тап боламыз. Әлемдік деңгейдегі әрбір университетте жануарлардың құқықтарын зерттеу, қоғамды реттеу мәселелері бойынша осындай орталықтар бар. Maqsut Narikbayev University осы дәстүрді жалғастыруда», – деді MNU Animal Law орталығының директоры Роман Мельник.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева өз сөзінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер туралы айтты, ал «INUCOBO» қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенова заңды іске асырудағы жүйелі проблемаларға назар аударды. Іс-шараға қатысушылар сондай-ақ заңнаманы жетілдірудің баламалы тұжырымдамаларын қарастырды. Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанда иттер мен мысықтардың таралуын реттеу бойынша мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар әзірленді.
Айта кетейік, жануарлар дүниесі саласындағы құқықтық мәселелердің кең спектрін зерттеуге бағытталған MNU Animal Law орталығы өз қызметін 2023 жылдан бастап жүзеге асырады.


