Беделді халықаралық аккредиттеу агенттіктері Maqsut Narikbayev University білім беру бағдарламаларының барлық қажетті стандарттарға сәйкестігін тағы да растады. Университетте QAA (Ұлыбритания) және FIBAA (Германия) компанияларының өкілдері болды.
Университет басшылығы Quality Assurance Agency for Higher Education (QAA) Атқарушы директоры Роб Страудпен кездесті. Білім беру сапасын қамтамасыз ету саласындағы жетекші әлемдік органдардың бірінің өкілі университеттің жоғары академиялық талаптарға бейімділігін және қатаң халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын арнайы мүсіншені табыс етті. MNU өткен жылы QAA институционалдық аккредитациясы берілген ТМД-дағы алғашқы жоғары оқу орны болды.

Бұған дейін QAA сарапшыларының сыртқы бағалауынан Ұлыбританияның үздік жоғары оқу орындары өтті. Олардың арасында Оксфорд университеті, Кембридж университеті, сондай-ақ Russell Group элиталық бірлестігіне кіретін университеттер бар. Аккредиттеуден өту кезінде жоғары оқу орның басқару моделінің тиімділігіне, академиялық адалдық принципіне бейімділікке, студенттерге бағыт-бағдар беруге, білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету тетіктерінің жүзеге асуына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ аккредиттеудің арқасында MNU дипломдары Ұлыбританияда мойындалады.
Бұдан басқа, MNU-да білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету және дамыту мәселелеріне арналған FIBAA семинары өтті. Қазақстандық университеттердің өкілдері аккредиттеудің халықаралық критерийлері мен білім беру бағдарламаларының одан әрі жетілдіру стратегиясын талқылауға қатысты. Семинар барысында FIBAA атқарушы директоры Диана Фрайбергер университетке МВА бағдарламасының академиялық мазмұны, оқыту сапасы және оқытудың практикалық бағыты бойынша жоғары стандарттарға сәйкестігін растайтын FIBAA Premium Seal сапа белгісі бар сертификатты тапсырды.
FIBAA экономикалық, құқықтық және әлеуметтік-гуманитарлық бейіндегі жоғары және қосымша білім беру бағдарламаларының сапасын сараптауды және аккредиттеуді жүргізетін жетекші еуропалық аккредиттеу агенттігі ретінде танымал. Агенттік стратегиядан және академиялық басқарудан бастап, түлектердің өз компаниялары мен қоғамды дамытуға қосқан үлесіне дейін, бағдарламаларды кешенді бағалайды. Бұған дейін MNU FIBAA халықаралық аккредиттеуден ешқандай шартсыз өткен алғашқы қазақстандық университет болды.
Айта кетейік, сондай-ақ MNU білім беру бағдарламалары CIMA, ACCA, ICAEW, CIM, HRCI, GARP, CFA және CEEMAN беделді халықаралық агенттіктерімен аккредиттелген.


