Maqsut Narikbayev University Эстонияның ірі жоғары оқу орындарының бірімен ынтымақтастық туралы келісімге келді. Күні кеше Астанада Таллин университетімен меморандумға қол қойылды.
Қазақстан мен Эстония ректорларының форумы барысында құжатқа MNU Провосты Анар Ибраева мен Таллин университетінің ректоры Тыну Вийк қол қойды. Іс-шара Nazarbayev University-де өтті. Форум жұмысына Эстония Президенті Алар Карис, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, қазақстандық және эстониялық жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Таллин университеті Эстония астанасындағы ең ірі гуманитарлық жоғары оқу орны және ол Парламенттің шешімімен 20 жыл бұрын құрылған. Меморандум профессорлық-оқытушылық құраммен академиялық алмасуды, жоғары білікті білім беру және ғылыми кадрларды даярлаудағы ынтымақтастықты және грант алуға бірлескен өтінімдерді дайындауды көздейді. Сонымен қатар дәрістер, семинарлар, ғылыми зерттеулер, конференциялар ұйымдастыру және жарияланымдар, білім беру және әдістемелік әдебиеттермен алмасу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін MNU-да Эстонияның Орталық Азия елдеріндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Яап Ораның дәрісі өткен болатын.
