Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің студенті Томирис Қаниева V Жыл сайынғы London Stock Exchange Group (LSEG) өңірлік инвестициялық портфельдер байқауының бес жеңімпазының қатарына енді. Ол Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қатысушылары арасында үздік нәтиже көрсетті.
Конкурс бес апта бойы онлайн форматта өтті. Байқауға 16 елден 300-ге жуық студент пен магистрант қатысты. Томирис Қаниева Қазақстаннан жалғыз финалист атанды және LSEG кеңселерінің бірінде тағылымдамадан өту құқығына ие болды.
Байқау барысында қатысушылар инвестицияларға барынша жоғары қайтарымды инвестициялық портфельді қалыптастырып, содан кейін оны кәсіби инвесторларға және Лондон қор биржасының тәуелсіз сарапшыларына ұсынуы тиіс болды. Бұдан басқа, финалистерге стратегия, метрика және тәуекел-менеджмент бойынша бірқатар сұрақтарға жауап беруге тура келді. Өз портфелін қалыптастыру кезінде Томирис Қаниева үш стратегияның (Growth investing, Fundamental analysis, Momentum analysis) үйлесімін пайдаланды.
LSEG Лондон қор биржасына иелік ететін және түрлі қаржылық және биржалық қызметтер көрсететін британдық жаһандық қаржы компаниясы болып табылады. Айта кетейік, бұған дейін MNU студенттері Spectrum Case Championship турнирінде жеңіске жеткен болатын.