Maqsut Narikbayev University Халықаралық экономика мектебінің студенті Елжан Әлімқұл БҰҰДБ аймақтық кейс-чемпионатының жүлдегері атанды. Цифрлық және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы инновациялық шешімдерді табуға арналған турнир Астанада өтті.
Жарыс Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан жоғары оқу орындарының 30 студентін біріктірді. Олар БҰҰ Орнықты даму мақсаттарының елшілері, сондай-ақ БҰҰДБ-ның білім беру бастамаларына қатысушылар қатарынан іріктелді. Іс-шараны Жапония Үкіметінің қолдауымен Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының кеңсесі «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» жаһандық науқаны аясында өткізді.
Чемпионат барысында қатысушылар гендерлік зорлық-зомбылыққа байланысты нақты кейспен жұмыс істеді. Олар БҰҰДБ, UNFPA, ДДҰ, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» және ЮНИСЕФ құрылымдары сарапшыларының, сондай-ақ мемлекеттік органдар, технологиялық жеке компаниялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің жетекшілігімен тематикалық презентацияларды дайындаумен айналысты. Бұдан басқа, студенттер топтық сабақтар, аналитикалық және сыни ойлау бойынша дәрістер мен сессиялар, сторителлинг пен визуалды коммуникация бойынша шеберлік сыныптар, кибергигиена мен жасанды интеллектті практикалық қолдану бойынша тренингтерге қатысты.
Айта кетейік, бұған дейін MNU студенті Томирис Қаниева Лондон биржасы тобы конкурсының жеңімпазы атанды.