Maqsut Narikbayev University сапалы мамандарды табысты даярлауды жалғастыруда. Бакалавриаттың 12 мамандығы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ЖОО білім беру бағдарламаларының рейтингінде тағы да жетекші орындарға жайғасты.
2025 жылдың қорытындысына сәйкес MNU республикада «Құқықтану», «Халықаралық құқық», «Менеджмент саласындағы бизнес әкімшілендіру», «Психология» және «Қолданбалы лингвистика» мамандықтары бойынша үздік кадрлар даярлайды. «Экономика және деректер ғылымы саласындағы бизнес әкімшілендіру», «Халықаралық қатынастар» және «Бухгалтерлік есеп саласындағы бизнес әкімшілендіру» білім беру бағдарламалары екінші орынды, ал «Аударма ісі», «Қонақжайлылық» және «Қаржы саласындағы бизнес әкімшілендіру» бағдарламалары үшінші орынды иеленді. Бұдан басқа, «Маркетинг саласындағы бизнес әкімшілендіру» мамандығы үздік ондыққа енді.
«Атамекен» тәуелсіз рейтингі 2018 жылдан бастап ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша өткізіледі. Бағалау барысында университеттің жалпы көрсеткіштеріне, білім беру бағдарламасының сапасы мен жетістіктеріне, сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі мен диплом алғаннан кейін жұмыс іздеу ұзақтығына назар аударылады. Рейтинг білім сапасын талдау мен бағалауға, сондай-ақ талапкерлерге, олардың ата-аналарына, жұмыс берушілерге және білім беру мекемелеріне объективті ақпарат беруге бағытталған.
Айта кетейік, соңғы 6 жылда MNU мамандықтары тұрақты түрде рейтингтің үздік ондығында. Мәселен, «Құқықтану» білім беру бағдарламасы 2020 жылдан бастап көшбасшылықты сақтауда, ал «Халықаралық құқық» мамандығы бесінші рет бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп саласындағы бизнес әкімшілендіру» және «Экономика және деректер ғылымы саласындағы бизнес әкімшілендіру» бағдарламаларының түлектері жұмысқа орналасудың 100 пайыздық көрсеткішін көрсетті.
«Атамекен» ҚР ҰКП рейтингісіндегі көшбасшылық Maqsut Narikbayev University-де оқытудың жоғары сапасын тағы да растайды. Университет миссиясы – Біз сапалы және қолжетімді білім беру арқылы қоғамға қызмет етеміз. Сонымен қатар MNU білім беру бағдарламаларында QAA, FIBAA, ACCA, CIMA, ICAEW, GARP, CFA Institute, HRCI, CIM және IQAA сияқты жетекші халықаралық агенттіктердің аккредитациясы бар.