Maqsut Narikbayev University ғалымдары қолданыстағы Конституцияның қазақша нұсқасына көлемді талдау жүргізіп, түзетулер енгізу қажеттігіне назар аударды. Университет профессорларының терминологиялық қателер, мағыналық дәлсіздіктер, грамматикалық сәйкессіздіктер мен құқықтық-лингвистикалық қайшылықтарды түзету жөніндегі ұсыныстарын Конституциялық комиссия мүшелері қарады.
Түзетулер енгізу қажеттігіне өткен жылдың қазан айында профессор Марат Ахмади назар аударды. Ол eOtinish платформасы арқылы Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінінің талдауы мен түзетулер енгізу туралы ұсыныстарын ресми түрде жолдады. Құжатта заң-терминологиялық қателіктер, мағыналық және ұғымдық дәлсіздіктер, стилистикалық-грамматикалық сәйкессіздіктер мен құқықтық-лингвистикалық қайшылықтар мысалдары келтірілді. Күні кеше Конституциялық комиссияның сегізінші отырысында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин атап өткендей, ұсыныстар қаралып, сондай-ақ MNU жанында қазақ тіліндегі Ата заңның жобасындағы мәтіннің терминологиясын жүйелеу бойынша жұмыс тобы құрылды.

«Құқықтанушы ғалымдар, лингвист мамандар, тілтанушылар бірігіп бірнеше ай ішінде үлкен талдау жүргізіп, жаңа мәтінді жетілдіру бойынша тыңғылықты жұмыс жүргізген болатын. Яғни, көпшіліктің талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілді. Осы жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституцияның мәтіні 1995 жылы қабылданған Ата заңмен салыстырғанда сапалық, мазмұндық тұрғыдан жақсарды», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші мәтін анағұрлым түсінікті бола түскенін, ал қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейгенін айтты. Мәтінмен жұмыс істейтін жұмыс тобының құрамында профессорлар Марат Ахмади, Нұржан Ешниязов, Алмас Жұмағали, Абай Абылайұлы, сондай-ақ ғалымдар, журналистер, мемлекеттік органдар мен Парламент өкілдері болды. Сонымен қатар осы жылдың қаңтарында Мемлекет басшысының жарлығымен Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына профессорлар Сергей Ударцев, Үнзила Шапақ, Индира Әубәкірова және MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев кірді.
«Біздің ұсыныстарымыз жаңа Конституция жобасында ескерусіз қалған жоқ. Қазіргі таңда Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінің оқығанда тілдің жеңілдеп, мағыналық тұрғыдан азаматтарымызға анағұрлым түсінікті болғаны байқалады. Сонымен қатар терминология мәселесінде қазақ тілінің ішкі заңдылықтары мен ерекшеліктері ескерілгенін атап өткім келеді. Аталған жұмыс Конституцияның түсінікті, жүйелі әрі құқықтық тұрғыдан дәл мәтінің қалыптастыруға мүмкіндік берді деп есептеймін», – деп атап өтті Конституциялық комиссия отырысында Талғат Нәрікбаев.

Айта кетейік, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда.