Maqsut Narikbayev University Пенсильвания штаты университетімен (Penn State University) табысты ынтымақтастықты жалғастыруда. Жоғары оқу орнында американдық университеттің профессоры Стивен Барнстың қонақ дәрісі өтті.
Стивен Барнс болашақ заңгерлер мен дипломаттарға АҚШ-тың конституциялық құрылымы және заңнамасы туралы айтып берді. Профессор американдық құқықтық жүйенің негізгі ерекшеліктерін таныстырды, сондай-ақ АҚШ пен Қазақстанның конституциялық үлгілеріне салыстырмалы талдау жүргізіп, мемлекеттілікті дамытудағы құқықтық дәстүрлердің маңыздылығын атап өтті. Дәріс барысында сондай-ақ Қазақстанда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум жөнінде пікір алмасылды.
«Мен MNU-да бірнеше рет болдым, алайда бұл дәрістің маңызы ерекше. Студенттердің ағылшын тілін жақсы білуіне шын жүректен таң қаламын. Бұл дәріс емес, баспасөз конференциясы сияқты сезім болды, себебі мен әдетте кәсіби журналистер қоятын сұрақтарды естідім. Мен көп елде болдым, олардың арасында АҚШ, Үндістан және Колумбиядағы жастармен кездесулер де бар. Алайда, MNU студенттерінің сұрақтары менің өмірімдегі ең үздік сұрақтар болды десем қателеспеймін. Бұл өте жоғары деңгей», – деді Стивен Барнс.
Айта кетейік, MNU мен Penn State University бірлесіп қос дипломдық бағдарламаны жүзеге асыруда. 170 жылдық тарихы бар Penn State University АҚШ-тың ірі зерттеу жоғары оқу орындарының бірі.




