Еуропа, Азия және Солтүстік Америка мемлекеттерінің 13 студенттік командасы екінші International Legathon MaxUP конкурсына қатысады. Ауқымды заң саласындағы кейс-чемпионат осы жылғы 3-4 сәуірде Maqsut Narikbayev University-де өтеді.
International Legathon MaxUP 2026 тақырыбы «Болашақ құқығы» болып белгіленді. Студенттік сайыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ерекше маңызға ие болады. Конкурс Baker McKenzie халықаралық заң компаниясы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Соты және «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттары палатасының қолдауымен өтеді.
International Legathon MaxUP студенттер мен жас мамандарға өз білімдерін көрсетіп, тәжірибе алмасып, құқықтық мәселелердің өзекті шешімдерін ұсына алатын бірегей алаң. Конкурс аясында олар жаңа технологиялардың заңнамалық жүйеге, құқық қағидаларына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттейтін болады. Сондай-ақ қатысушылар ЖИ, цифрлық сәйкестік және трансшекаралық реттеу тақырыптары бойынша нақты құқықтық кейстермен жұмыс істейді.
Конкурс орыс және ағылшын лигаларында өтеді. Сайыс әлемнің түкпір-түкпірінен заң мамандықтары студенттерінің қызығушылығын тудырды. Қатысушы елдердің саны үш еседен астам өсті.
Қатысу құқығына Әзербайжан, Германия, Грузия, Канада, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан және Шри-Ланканың жетекші жоғары оқу орындарының студенттік командалары ие болды. Іріктеу кезеңі үш ай бойы жүргізілді. Бұдан басқа, ұйымдастырушылар тарапынан қатысушылардың жартысынан астамы үшін шығыстарды толық қаржыландыруды қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, алғашқы International Legathon MaxUP өткен жылдың 18-19 сәуірінде төрт елдің командаларының қатысуымен өтті. Іс-шара MNU Құрметті ректоры, мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтың 85 жылдығына орай өтті. Конкурс жеңімпазы «Жоғары экономика мектебі» Ғылыми-зерттеу университетінің (Ресей, Мәскеу қ.) студенттері атанды.