Maqsut Narikbayev University-дің 300-ге жуық түлегі жасанды интеллект бойынша «AI Upgrade» курсына қатысады. Практикалық интенсив жоғары оқу орнында осы жылдың 11-12 сәуірінде өтеді.
Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтеді. Тегін курс автоматтандырылған сценарийлерді жобалау, no-code құралдарымен жұмыс істеу, GPT-мен өзара іс-қимыл логикасын құру және кәсіби тапсырмалар үшін жеке ЖИ көмекшісін құруды қамтиды. Оқыту барысында тәжірибелі мамандар бизнестен нақты мысалдар келтіріп, қадамдық алгоритмді көрсетеді.
Айта кетейік, курс түлектерге цифрлық құзыреттіліктерін кеңейтуге және олардың технологиялық әлеуетін күшейтуге көмектеседі. Бұған дейін университетте студенттер үшін жасанды интеллект бойынша міндетті курс енгізіліп, екі ЖИ зертхана ашылып және «AI+X» жаңа мамандығының іске қосылатыны хабарланған болатын.
