13 мемлекеттен келген студенттер цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне арналған үздік құқықтық шешімдерді әзірлеуде. Елордада екінші «International Legathon MaxUP 2026» заң саласындағы кейс-чемпионаты басталды.
Ауқымды студенттік сайыс Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өтуде. Шараны Maqsut Narikbayev University (MNU) ұйымдастырды. Университеттің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев қатысушыларды құттықтап, байқаудың «Болашақ құқығы» тақырыбы қазіргі әлемдегі өмірді бейнелейтінін атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Технологиялар біздің өмірімізді, соның ішінде қоғам мен құқықтың қалай жұмыс істейтінін өзгертуде. Цифрлық бірегейлік және цифрлық егіздер сияқты идеялар енді ғылыми фантастика ғана емес. Бұл біздің шынайылығымыздың бір бөлігіне айналды. Осы ретте аталған идеялар нақты және тиімді құқықтық шешімдерді талап ететін жаңа сын-қатерлерді тудырады», – деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Университет басшысы студенттерге сәттілік тілеп, заңгерлердің жаңа буыны ертеңгі күннің құқықтық әлемін қалыптастыратынын атап өтті. Сайыс барысында студенттер жаңа технологиялардың заң жүйесіне, құқық қағидаттарына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттейді. Байқау Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен 90-нан астам студентті біріктірді.
«Маған Қазақстанның сот жүйесі өте қызық, өйткені сізде онлайн форматтағы соттар енгізілді. Біздің елімізде бұл тәжірибе әлі Қазақстанда секілді дамыған жоқ. Біз конкурсқа қатысуға жіберген өз өтінімізде қазақстандық тәжірибені Өзбекстанның заңнамасына енгізуді ұсындық», – деді Ташкент мемлекеттік заң университетінің (Өзбекстан) студенті Диёрбек Давронов.
Байқауға қатысушылар орыс және ағылшын лигаларына бөлінді. «Lex Fantastica» пікірсайыс форматындағы бірінші раунд «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотында өтті. Тақырып 2036 жылы қайтыс болған Дель де Гогтың виртуалды мұрасы туралы дауға арналды.
Пікірсайыс барысында студенттер өз юрисдикциясы бар нақты мемлекеттердің баламасы ретінде метағаламшарларды қарастыру, виртуалды активтерді реттеу және виртуалды болмыстың меншігін қорғау мен өмір сүру құқығы мәселелері бойынша өз дәлелдерін білдірді. Сонымен қатар метағаламшарлардың меншік иелерінің жауапкершілігі, жасанды интеллект судьядан бас тарту және виртуалды шындықта болу уақытын шектеудің заңдылығы туралы сұрақтарға жауаптар берілді. Студенттердің жұмысын ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Елена Максюта, «ADL Disputes» заң компаниясының серіктесі Мұхит Елеуов, «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің бас заңгері Айза Ғабдуллина, «Unicase» заң фирмасының басқарушы серіктесі Артем Тимошенко, сондай-ақ Қазақстанның Даму банкінің бас заң кеңесшісі Саят Көкебаев пен адвокат Рена Керімова бағалады.

«Мұндай байқаулар әлем жастары үшін өте маңызды. Ұсынылған заң саласындағы кейс өте қызық болды. Бастапқыда бізде оның қаншалықты шынайы екеніне сенім болған жоқ, бірақ спикерлердің сөздерін тыңдай отырып, құқықтық жүйеге жасанды интеллект технологияларын енгізу кезінде бізге шынымен де жаңа реттеу тетіктері қажет болатыны туралы ойлана бастадық. Қазір құқықтық жүйелер көп жағдайда артта қалып отыр және жас ұрпаққа болашақ үшін инновациялық шешімдерді ұсынуға тура келеді», – деді Макгилл университетінің (Канада) студенті Эндрю Цзясин Чен.
«International Legathon MaxUP 2026» АХҚО Соты, «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттар палатасы және «Baker McKenzie» халықаралық заң фирмасының қолдауымен өтуде. Сондай-ақ сайысқа Қазақстанның Даму банкі, «Unicase», «KP Disputes», «Turkenov Consulting» заң фирмалары және адвокат Рена Керімова қолдау білдірді. Жарыстың ақтық кезеңі ертең MNU-да өтеді.
Айта кетейік, алғашқы International Legathon MaxUP былтыр өткен болатын.









