Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) психологиялық қолдау қызметтерінің өңірлік өкілдері мен ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомстволық бағынысындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін төрт күндік тренинг ұйымдастырды. Maqsut Narikbayev University-дің қолдауымен жүзеге асырылған тренинг құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби тұрақтылығын арттыруға және психологиялық сүйемелдеуге заманауи тәсілдерді енгізу үшін жаттықтырушыларды даярлауға бағытталған.
Психологтар мен психологиялық пәндер оқытушыларының кәсіби құзыреттерін дамыту жөніндегі модульдік бағдарлама министрлік бөлімшелерінің психологтары мен ведомстволық университеттердің оқытушыларын біріктірді. Төрт күндік тренинг құқық қорғау органдарының қызметкерлерін психологиялық сүйемелдеу саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге, сондай-ақ ІІМ жүйесінде қызметкерлердің кәсіби психологиялық тұрақтылығын дамытуға заманауи тәсілдерді енгізу үшін жаттықтырушыларды даярлауға бағытталған. Іс-шара еліміздің құқық қорғау жүйесін ауқымды трансформациялау аясында өткізілді.
Қатысушылар кәсіби тұрақтылық, стресс-менеджмент, эмоционалды күйіну және посттравматикалық стресстік бұзылыс мәселелеріне заманауи ғылыми тәсілдерді зерделеп, психологиялық диагностика, дағдарыстық кеңес беру, постинциденттік сүйемелдеу және деэскалациялық өзара іс-қимыл әдістеріне назар аударды. Бағдарламаның басым бөлігі кейстерді талдау, топтық жаттығулар, рөлдік сценарийлер мен заманауи психодиагностикалық әдістемелерді қолдану арқылы дағдыларды практикалық пысықтауға арналды.
Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар қызметкерлердің психологиялық жағдайын бағалау құралдарын, кәсіби күйзеліс және посттравматикалық реакциялар белгілерін уақытылы анықтау әдістерін, сондай-ақ ІІМ жеке құрамын психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін меңгерді.




