Елордалық академиялық қоғамдастыққа француз тарихшысы және зерттеушісі Мари Фавероның «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» кітабы таныстырылды. Тұсаукесер Maqsut Narikbayev University-де өтті.
Іс-шараға Астана қаласының он жоғары оқу орнының студенттері, тарихшылар мен оқытушылар, Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Тұсаукесер барысында Мари Фаверо өз зерттеуінің нәтижелерін таныстырып, Жошы Ұлысы тарихына заманауи көзқарасымен бөлісті. Таныстырылым Францияның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кітапта Алтын Орданың тарихы орта ғасырлық Еуразияның кең контексінде қарастырылады. Автор Жошы Ұлысының сауда, дипломатия және халықаралық байланыстарды дамытуға ықпалын көрсете отырып, сол кездегі дала империялары мен саяси және экономикалық орталықтар арасындағы өзара қарым-қатынастарға назар аударады. Іс-шараға қатысушылар Алтын Орданың саяси және экономикалық құрылымын, оның Еуразия аймақтары арасындағы сауда жолдары мен дипломатиялық байланыстарды дамытудағы рөлін, сондай-ақ көшпелі өркениеттердің тарихи мұрасын талқылады.
«MNU-ға осы кездесуді білім мен идеялар алмасуға арналған кеңістікте өткізу мүмкіндігі үшін алғыс айтамын. Бұл кітап Франция мен халықаралық академиялық қоғамдастықта кеңінен танылды. Оның қазақ тіліне аударылуы Алтын Орда тарихының оқырмандарға қолжетімді болуы және дала өркениеттерінің тарихи мұрасы туралы одан әрі диалогқа ықпал етуі үшін маңызды қадам», – деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге.
Айта кетейік, Мари Фаверо Моңғол империясының тарихы бойынша маманданған. Бірқатар елдерде материалдарды зерделеуді және түрлі мамандардан ақпарат жинауды қамтыған кітапты жазу жұмысы жиырма жыл бойы жүргізілді. Кітап алғаш рет бес жыл бұрын жарық көрді, ал биыл қазақ тіліне аударылды.
Таныстырылым соңында сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтіп, қатысушылар Алтын Орда тарихының жекелеген аспектілерін автормен талқылап, оның қолтаңбасын алды.







