8 желтоқсанда Халықаралық экономика мектебінде студенттер өздерінің академиялық жұмыстарының нәтижелерін таныстырған ғылыми-зерттеу семинары өтті.
Семинар Ілияс Қазбек пен Диана Мұхамбетжанның «Қабылданатын гендерлік дискриминацияны эмпирикалық талдау: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды. Олардың зерттеуі елдегі әлеуметтік динамиканы түсінуге айтарлықтай үлес қосатын терең эмпирикалық талдау болып табылады.
Бұдан кейін Юлия Зарапина, Анжелика Дзюба және Нұрайша Жолан құрамындағы топ «Логистикалық регрессияны қолдану арқылы Астана қаласындағы урбанизация өсімін модельдеу» зерттеуін ұсынды. Жұмыс логистикалық регрессиялық талдауды пайдалана отырып, елорданың кеңістіктік дамуының болжамды моделін әзірлеуге бағытталған.
Екі презентация да жоғары аналитикалық деңгейді көрсетіп, аудитория тарапынан үлкен қызығушылық пен белсенді талқылау тудырды.
Іс-шара аясында «Math Case» конкурсының жеңімпаздары да анықталды:
І орынды «Infinity» тобы иеленді: Айтмұхан Ильназ, Қылышбаева Диляра және Шілдебай Нұрай.
ІІ орынды «Dreamteam» тобы қанжығасына байлады: Дарханов Ердос, Мырзанов Дархан және Мергенова Арайлым.
Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ іс-шара барысында еріктілер мен ұйымдастырушылардың қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Барлық қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз және бәрін де үздік жетістіктерімен құттықтаймыз!





