Maqsut Narikbayev University-де білім беру саласындағы 50-ге жуық сарапшы сапа, сенім және академиялық адалдық саласындағы бірыңғай тәсілдемелерін талқылады. Жоғары оқу орнында Қазақстандағы трансұлттық білім беру бағдарламаларын аккредиттеуге арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара British Council халықаралық ұйымы, Ғылым және жоғары білім министрлігі және QAA жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі британдық тәуелсіз агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел министрлік, ұлттық және халықаралық аккредиттеу агенттіктері, Академиялық адалдық лигасы және отандық университеттер өкілдерінің басын қосты. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев елімізде трансұлттық білім берудің белсенді қарқынын атап өтті.

«Мұндай жағдайда білім беру сапасын қамтамасыз ету және оны бағалаудың үйлесімділігі ерекше маңызға ие. MNU үшін білім сапасы әрқашан негізгі басымдықтардың бірі болды. Біздің халықаралық аккредиттеуден өтуіміз нақты тәжірибеде университеттің дамуы үшін тәуелсіз сараптаманың құндылығына көз жеткізуге мүмкіндік берді. Сондықтан біз ұлттық білім беру бағдарламаларын аккредиттеу тәсілдемелерін талқылауға үлкен мән береміз. Оның нәтижелері Қазақстандағы алдағы жұмыстың нақты бағыттарын анықтауға көмектеседі деп үміттенеміз», – деді Талғат Нәрікбаев.
Жоғары оқу орнында қолданылатын академиялық адалдық стандарттары туралы MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен егжей-тегжейлі айтып берді. Іс-шараға қатысушылар аккредиттеудің қолданыстағы тәсілдері мен трансұлттық білім беру бағдарламаларының сапасын қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасып, сапаны қамтамасыз етудің ажырамас бөлігі ретінде академиялық адалдықты сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ бағдарламаларды аккредиттеу тәсілдемелерін қарастыруға арналған ұлттық жұмыс тобын құру және сапаны қамтамасыз ету үдерістерінде келісімділік, ашықтық және сенімді арттыру мүмкіндіктерін анықтау мәселелері талқыланды.
«Шараға академиялық және әкімшілік тәжірибесі мол мамандар жиналды. Біз көптеген маңызды мәселелерді талқылаймыз және бұл кездесу барлығы үшін жемісті болатынына сенімдімін. Біз түрлі ұсыныстарды үлкен қызығушылықпен күтеміз. Дөңгелек үстел мазмұнды пікір және тәжірибе алмасу үшін мүмкіндік болады деп үміттенеміз», – деді Қазақстандағы British Council директоры Роберт Тэйлор.

Айта кетейік, 2024 жылы MNU Халықаралық сапа аудитін (IQR) сәтті аяқтап, QAA жаһандық аккредитациясын иеленді. Британдық агенттіктің сарапшылары жоғары оқу орны Еуропалық жоғары білім кеңістігінің (ESG) 10 стандартына сай келетінін жоғары бағалады. Осылайша, MNU Орталық Азия және ТМД-да QAA аккредитациясын алған алғашқы университет атанды.





