Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Ұлттық Банкінің саясатын талдау және болжамдау жүйесі таныстырылды. Жоғары оқу орнында ұйымның сараптамалық-талдау клубының отырысы өтті.
Іс-шара Ұлттық Банкпен бірлесіп ұйымдастырылды. Отырыста банк секторы, сарапшылар және академиялық қауымдастық өкілдері бас қосты. Қатысушыларды қарсы ала отырып, MNU Халықаралық экономика мектебінің деканы Сәуле Кемелбаева университет пен индустрия арасындағы кәсіби диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс барысында MNU түлегі – Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты департаменті жанындағы Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау басқармасының басшысы Ислам Ержан экономикалық жағдайды талдауда және макроэкономикалық болжамдарды әзірлеуде қолданылатын FPAS жүйесін таныстырды. Оның қысқамерзімді және ортамерзімді болжау құралдары кіреді. Бұл құралдар экономиканың жай-күйін талдауға, макроэкономикалық болжамдарды қалыптастыруға және экономиканың дамуына қатысты ықтимал сценарийлерді бағалауға мүмкіндік береді.
Ұлттық банк өкілдері сондай-ақ болжау процесі, жасанды интеллектіні қолдану және инфляцияны қысқа мерзімде болжау әдістері туралы айтып берді. Отырыс ұсынылған тәсілдерді талқылаумен аяқталды.









