21-22 сәуірде Maqsut Narikbayev University–де «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша жоғары оқу орындары арасында XVII Республикалық пәндік олимпиада өтті. Биыл студенттік жарыс Қазақстанның түрлі өңірлерінен 17 команданы біріктіріп, медиадағы мансапты армандайтын ең талантты және өршіл студенттерді жинады.
Олимпиада қорытындысы бойынша Алматы облысының SDU University студенттері топ жарды. Айта кетейік, іс-шара алғаш рет Maqsut Narikbayev University қабырғасында өтті, себебі университет өткен жылғы жарыстың жеңімпазы болып табылады. MNU командасы бастаманы және жүлделі орындарды басқа университеттерге табыстап, байқаудан тыс қатысып, жоғары дайындық деңгейін және нағыз командалық рухты көрсетті.
«Біз үшін Maqsut Narikbayev University-де журналистика мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданы өткізу үлкен мәртебе. Сайыс 2023 жылы өз есігін ашқан Халықаралық журналистика мектебінің дамуындағы маңызды қадам болды. Бұл оқиға білім алмасу және студенттер мен оқытушылар арасында жаңа байланыстар орнату үшін тамаша платформаға айналды», – деді MNU провосты Сергей Пен.
Пәндік олимпиада төрт кезеңнен тұрды. Бірінші турда қатысушылар команданың ауызша көрсетілімі мен бейне таныстырылуын ұсынды. Екіншісінде – кездейсоқ кілт сөздер мен кеңестерді пайдалана отырып, ақпараттық жазба мен телесценарий жазу болды. Айта кетейік, әділдік принципін сақтау үшін барлық жұмыстар жасырын тексерілді. Үшінші кезең зияткерлік квиз форматында өтті. Бұл кезеңде студенттер журналистика тарихы, медиаэтика және фактчекинг бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал шешуші кезеңдегі дағдарыстық симуляция беріктікке шынайы тексеру болды. Қатысушылар ақпараттық вакуум жағдайында редакциялық жұмыстың нақты сын-тегеуріндеріне барынша жақындатылған материалды дайындауы қажет болды.
«Олимпиада жоғары деңгейде ұйымдастырылды және бәсекелестік өте күшті болды. Біздің команда және бүкіл университет үшін осындай беделді іс-шарада жеңіске жету үлкен мәртебе. Біз MNU-ға жылы қабылдағаны және сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз», – деп атап өтті SDU University студенті Дінмұхамед Болат.
Айта кетейік, олимпиаданың негізгі миссиясы – үздіктерді анықтау ғана емес, сонымен қатар қарым-қатынас жасауға, тәжірибе алмасуға және кәсіби өсуге арналған кеңістік құру.




