
Maqsut Narikbayev University-ге «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров келді. Ол түрлі салалардың жетекші мамандарының қатысуымен өтетін дәрістер топтамасынан тұратын жаңа «Табыс сыры» жобасының алғашқы қонағы болды. Жобаның ерекшелігі – дәрістердің мемлекеттік тілде өткізілуі.
Ренат Бектұров студенттермен өзінің табысқа жету тарихымен бөлісіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар ол қаржы секторының ерекшеліктері мен даму перспективалары туралы айтып берді. Лекция барысында студенттер Президенттік жастар кадр резервінің мүмкіндіктері, кәсіби дамудың негізгі қағидаттары және АХҚО-ның Қазақстан экономикасына ықпалы туралы құнды ақпарат алды.
«Жақсы маман болу үшін техникалық (hard) және икемді (soft) дағдылардың үйлесімі қажет. Ең алдымен, сізге кәсіби маман ретінде қарайды, сондықтан аналитикалық ойлау, нақты тұжырым жасап, болжам жасау қабілеттерін дамыту маңызды. Ал егер сіз мансабыңызда өскіңіз және көшбасшы болғыңыз келсе, уақыт өте келе қарым-қатынас, келіссөздер және команданы басқару сияқты икемді дағдыларды да жақсарту қажет», – деді АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.
Айта кетейік, 2017 жылы Ренат Бектұров MNU Халықаралық экономика мектебінің студенттеріне арналған CFA Professional Ethics курсының авторы әрі оқытушысы болды. Осылайша, ол университеттің білім беру бағдарламаларын CFA Institute (қаржы және инвестиция саласының жаһандық қауымдастығы) аффилиациялануына негіз қалады. MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев АХҚО Басқарушысына университеттің білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оны «Достық» орденімен марапаттады.

Ал MNU Халықаралық экономика мектебінде «Табыс сыры» жобасы іскерлік қазақ тілін дамытуға бағытталғанын атап өтті. Жоба аясында түрлі саладағы жетекші сарапшылар мен көшбасшылар табысқа жету тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби дамуға қатысты құнды кеңестер ұсынады.
