2024 жылғы 27 қарашада Maqsut Narikbayev University қабырғасында “Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет” жаһандық науқаны аясында маңызды іс-шара өтті. Іс-шараның негізгі бөлігінде үш қысқаметражды фильм көрсетіліп, қазіргі заманның ең өткір және ауыр мәселелерінің бірі – гендерлік зорлық-зомбылықты талқылау үшін режиссерлерді, белсенділер мен студенттерді жинаған панельдік пікірталас өтті.
Іс-шара Франция мен Бельгияның Қазақстандағы елшілерінің алғы сөзімен ашылды. Елшілер Сильван Гиоге мен Анри Вантигем гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Олар әйелдер мен қыздардың құқықтары қорғалатын, зорлық-зомбылық жағдайлары тиісті деңгейде назарға алынып, жүйелі түрде шешілетін қауіпсіз ортаны құру үшін бірігіп жұмыс істеу қажет екенін алға тартты.
Спикерлер қатарында “БҰҰ-әйелдер” құрылымының елдік кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Дина Амришева, “Гүлмира” қысқаметражды фильмінің режиссері Айнамкөз Есжанова, “Pay the Bill” әлеуметтік жобасының продюсері Әсел Ержанова және “Қорғау Астана” дағдарыс орталығының жетекшісі Анна Рыль болды. Іс-шарада өнердің әлеуметтік мәселелерге назар аударту, стериотиптерді бұзу және өзгерістерге итермелейтін шабыт беру құралы ретіндегі маңызына ерекше назар аударылды.
Айнамкөз Есжанова күрделі тақырыптарда фильмдер түсіру тәжірибесі туралы өз сөзінде:
«Кино зорлық-зомбылық құрбанының ішкі әлемін, оның тәжірибесі мен күресін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл қоғам өзін көре алатын, мәселені түсінетін және әрекет ете бастайтын айна».
Ол өзінің фильмінде психологиялық зорлық-зомбылыққа, оны тану қиындықтары мен адамдарға тигізетін зардаптарына назар аудартады.
Анна Рыль зорлық зомбылық құрбандарымен практикалық тәжірибесімен бөлісе отыра:
«Зорлық-зомбылықтың тұйық шеңберінен шығу үшін кешенді психологиялық, әлеуметтік және экономикалық қолдау қажет. Онсыз әйелдер осал болып қалады және қоғам оларға нақты көмек көрсетуге міндетті», деп айтты.
Пікірталасқа қатысушылар осы саладағы заңнаманы өзгерту және алдын алу шараларын күшейту қажеттілігін де талқылады. Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек мемлекеттің ғана емес, әрбір қоғам мүшесінің міндеті екені атап өтілді. Халықтың барлық топтарын тарту және дағдарыс орталықтарын дамыту – қауіпсіз орта құру жолындағы маңызды қадам екендігі алға тартылды.
Іс-шара қатысушылардың зорлық-зомбылыққа деген көзқарасын өзгерту және құрбандарды қолдау ісіндегі өнердің рөлін талқыға салған сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл шараның гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес пен әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұлттық науқанға қосқан тағы бір үлесі екеніне сенім білдірді.