
Maqsut Narikbayev University-де «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестіктің отырысы өтті. Жиында мемлекеттік органдар, болашақ заңгерлерді даярлайтын жоғары оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер Қазақстандағы заңгерлік білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын талқылады.
Пікір алмасу гибридті форматта өтті. Қатысушылар «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламалары түлектерінің жаңа моделін бекіту және заңгерлік білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі Парламенттік тыңдаулар аясында әзірленген ұсынымдарды қарастырды. MNU профессорлары ұсынған түлектің моделі қазіргі заманғы заңгер бейнесін кешенді түрде сипаттайды. Ол терең іргелі білімді цифрлық, аналитикалық, коммуникативтік және этикалық дағдылармен ұштастыруға негізделген.
Отырыста сондай-ақ білім беру бағдарламалары стандарттарын біріздендіру және заң саласындағы Біліктілікті мойындау орталығын құру жөнінде ұсыныстар айтылды. Бұдан бөлек, заң клиникалары арқылы практикалық дайындықты күшейту және құқықтық оқыту инфрақұрылымын жетілдіру шараларын іске асыру қажеттігі көтерілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері бірлестік мүшелерінің бастамаларына қолдау білдірді.
Айта кетейік, MNU-да 2024 жылдың мамыр айында осы оқу-әдістемелік бірлестік аясында ҚР 2025-2030 жылдарға арналған заңгерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу бойынша Стратегиялық сессия өткен болатын.