Maqsut Narikbayev University-ге Сербия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Владимир Йовичич келді. Ол «Халықаралық қатынастар» мамандығы студенттеріне қонақ дәрісін өткізді.
Елші «Қолданбалы дипломатия» арнайы курсы аясында сөз сөйледі. Дипломат серб-қазақ қарым-қатынастарының динамикасы, халықаралық құжаттардың ерекшеліктері және елшілік пен консулдықтың қызметіндегі негізгі айырмашылықтар туралы айтып берді. Сонымен қатар ол студенттердің сұрақтарына жауап берді.
«Мен MNU-да бірнеше рет болдым және әр кезде оның даму деңгейіне таң қаламын. Менің ойымша, бұл Қазақстанның жетекші университеттерінің бірі. Өз дәрісімде, бірінші кезекте, болашақ дипломаттар академиялық ортадан ең жақсы негізді алып, тәжірибеде барлық нәрсеге, әсіресе өз білімдерін көрсете білуге дайын болуы тиіс екенін айттым. Сондай-ақ дипломатияның танымалдығы мен мамандықтың дамуының кең контексін түсіну керек. Бұл жаңа шындық», – деп атап өтті Владимир Йовичич.
Айта кетейік, Сербия Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі болып табылады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында екі мемлекет арасындағы тауар айналымының көлемі 45 миллион доллардан асты.


