Maqsut Narikbayev University (MNU) оқытушылары мен зерттеушілері Қазақстан заңнамасын жетілдіруге арналған шешімдерді әзірлеуге белсене қатысуда. Олар азаматтардың құқықтарын қорғауға, технологияларды дамытуға және құқық қолдану тәжірибесінің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды алға тартып отыр. MNU сараптамалық ұсынымдары Парламенттік тыңдаулар, Сенат пен Мәжіліс комитеттерінің отырыстары және Қоғамдық палата аясында айтылуда.
Жасанды интеллект және әділет: болашақ заңгерлердің көзқарасы
14 мамырда ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысы өтті. Кездесуде жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын құқық қорғау және сот қызметінде енгізу мен қолдану, сондай-ақ, қазақстандық құқықтық жүйені цифрландырудың даму мүмкіндігі талқыланды.
Отырыста MNU Teaching Professor-ы Дана Өтеген сөз сөйлеп, ЖИ белсенді қолданылған кезде құқықтық салада туындайтын басты сын-қатерлерге тоқталды. Ол биометриялық деректер айналымын құқықтық реттеу мәселесіне ерекше назар аударып, оларды қорғау үшін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.
«Қазақстанда ЖИ енгізуге арналған ұлттық стратегия әзірлеу, биометриялық деректер айналымын құқықтық тұрғыда реттейтін заңнамалық негіздерді жасау, сондай-ақ, сот тәжірибесін талдау мен қайталама құқық бұзушылықтарды болжау салаларында пилоттық жобалар іске қосу қажет», — деді Дана Өтеген.

Сонымен қатар сарапшы судьялар, прокурорлар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін ЖИ технологияларын тәжірибеде жүйелі қолдануға мүмкіндік беретін арнайы білім беру бағдарламаларын енгізуді ұсынды. Бұған қоса, ол Қазақстанға ЖИ-ды әділетті әрі тиімді пайдалануда өзге елдермен тәжірибе алмасуды күшейту қажет екенін айтты.
Отырысқа қатысушылар ЖИ-ді құқық қорғау және сот салаларында одан әрі дамыту мен оны этикалық тұрғыда қолдану үшін теңгерімді нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Құқық бұзушылықтың профилактикасы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау
16 мамырда Maqsut Narikbayev University профессорлары Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатада сараптамалық пікірлерімен бөлісті. Бұл жолы отырысқа себеп болған – жаңа «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» заң жобасын талқылау. Аталған заң жобасы 2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңын қоса алғанда, бес түрлі заң нормаларын біріктіреді.
MNU Associate Professor-ы Мүслім Хасенов заңнаманы біріктіру Қазақстанда қалыптасқан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аудару және оның профилактикасы жүйесін жоюы мүмкін деген алаңдаушылығын білдірді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл жай ғана қоғамдық тәртіпті бұзу емес. Ол адамның негізгі құқықтары, яғни қауіпсіздік пен жеке адамның дербес құқықтылығына қол сұғу. Қолданыстағы заңның жойылуы болжауға келмейтін салдары бар елеулі қателік болуы мүмкін», – деп атап өтті Мүслім Хасенов.
Оның айтуынша, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ерекшелігі жеке заңнаманы талап етеді, өйткені мұндай құқық бұзушылықтар туыстық, тәуелділік, көбінесе қоғамнан жасырынған қатынастар контексінде болады. Сарапшының пікірінше, жалпы заң аясындағы біріздендіру профилактика мен құрбандарды қорғау тиімділігін төмендетуге алып келеді. Сонымен қатар Хасенов мемлекеттік отбасылық саясат бойынша уәкілетті органның рөлін заң жүзінде бекітуді, сондай-ақ, профилактика шараларының тиімділігін бақылау, статистика мен бағалау құралдарын енгізуді ұсынды.
Құқықтық сараптама және ғылыми негіздеме
Заң жобасы бойынша MNU Emeritus Professor-ы Үнзила Шапақ пен MNU Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева да өз пікірлерімен бөлісті. Әлия Оразбаева ұсынылған жобада бірқатар заңдық белгісіздіктер, оның ішінде негізгі ұғымдардың нақты анықтамаларының жоқтығы, жеке өмірге ерікті түрде араласу тәуекелдері, кінәсіздік презумпциясы қағидаттарының ықтимал бұзылуы, дербес деректердің жеткіліксіз қорғалуы, сондай-ақ, түрлі мемлекеттік органдардың өкілеттіктерінің қайталануы бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң жобасы қайта заң сараптамасын талап етеді.

Кадр даярлау және жүйелі реформалар
Бұған дейін Сенатта сот және құқық қорғау жүйелерінің кадрлық әлеуетін нығайту және заң шығару сапасын арттыру мәселелері бойынша парламенттік тыңдаулар өткен болатын. MNU Провосты Сергей Пен заңгерлік білім беруді жүйелі реформалау жөніндегі бірқатар бастамалар туралы сөз сөйледі. Ол жұмыс берушілер мен кәсіби қауымдастықтардың қатысуымен түлектердің құзіреттерін тәуелсіз бағалау тетігін енгізуді, аймақтардың сұранысына сай заңгерлік кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырысты арттыруды және «заңгер» кәсібінің бірыңғай кәсіби стандартын кеңінен талқылау және келісу арқылы әзірлеуді ұсынды. Айта кетейік, ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Қоғамдық жобалық кеңсе MIND (Maqsut Narikbayev Institute for Network and Development) ғылыми-талдау орталығы базасында жұмыс істейді.