Maqsut Narikbayev University мен Шанхай саяси ғылымдар және құқық университеті (SHUPL) ынтымақтастықты дамыту туралы келісті. Шанхай қаласындағы жоғары оқу орындары басшылығының кездесуі құқық, экономика, менеджмент және жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобалардың негізін қалады.
Кездесу барысында Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің Экономика және менеджмент мектебінің деканы Лю Сянь жоғары оқу орнының бакалавриат және магистратура бағдарламаларындағы жетістіктері туралы айтып, «Халықаралық экономика және сауда», «Құқықтану» және «Цифрлық экономика» бағыттарын ерекше атап өтті. Ол мектептің құқық пен бизнесті интеграциялау және цифрландыру, сондай-ақ қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қамтитын елдердің жоғары оқу орындарымен байланысты дамытуға баса назар аударатынын атап өтті. Сонымен қатар SHUPL профессоры Бао Кунь жасанды интеллект құқығы саласындағы зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті.
Өз кезегінде, MNU провосты Сергей Пен түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге үміт білдірді және құқық саласында ЖИ-ді дамыту бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосуды ұсынды. Бастама академиялық ұтқырлықты дамыту және құқық үшін жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеу алаңына айналатын зерттеу орталықтарын құруды көздейді. Қазақстандық тараптан Legal Expert компаниясы серіктес болып, нейрожелілер базасында заңнаманы талдауға арналған платформалар әзірлейді.
Серіктестік аясында тараптар Қазақстан үшін алдыңғы қатарлы қытайлық құқықтық жүйелерді бейімдеумен айналысады және заң саласындағы аударма үшін көп тілді модельдерді дайындайды. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қамтитын елдердің заңнамасын үйлестіру және сарапшылар мен университеттерге арналған ортақ платформа – Жасанды интеллектіні қолданатын құқықты дамытудың өңірлік обсерваториясын құру стратегиялық мақсаттар болып табылады. Келіссөздер жоғары оқу орындарының практикалық ынтымақтастығының негізін қалады және екі елдің стратегиялық әріптестігін дамытуда жаңа мүмкіндіктер ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басты тақырыбы жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу болды. Maqsut Narikbayev University білім беру процесіне ЖИ технологияларын тиімді интеграциялауға назар аударады. Жаңа оқу жылынан бастап студенттер үшін жасанды интеллектің қолданбалы дағдылары бойынша міндетті курс іске қосылады.
Айта кетейік, бұған дейін MNU Қытайдың бірнеше жетекші университеттерімен меморандумдар жасасқан болатын.