2024 жылғы 10 ақпанда Maqsut Narikbayev University студенттері Fortune Partners компаниясы ұйымдастырған Asia Zangeri аймақтық ойын түріндегі сот жарыстарында (Regional Moot Court) бірінші орынды иеленді. Бұл ұлттық құқық бойынша өткізілетін ең ірі Moot Court жарыстарының бірі болып табылады, оған Қазақстанның барлық өңірлерінен адвокаттар, заң кеңесшілері, консалтингтік компаниялардың өкілдері және судьялар қатысты.
Турнирдің іс бойынша фабуласы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқықтың үш саласын бірдей қамтыды, бұл қатысушыларға кешенді білімдері мен құқықты тәжірибеде қолдану дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді.
Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 170 команда қатысып, олардың ішінен тек 63 команда ғана ауызша раундтарға өтті. Турнир қазақ және орыс тілдерінде қатар өткізілді. Ауызша раундтар екі кезеңнен тұрды — іріктеу ойындары және финал. Іріктеу раундтарының судьялары ретінде Жастар Арбитраждық Соттары Одағының (СМАС) өкілдері қатысты, ал жартылай финал мен финал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, Жоғарғы Сот судьяларының төрағалығымен өтті. Финалды үш Жоғарғы Сот судьясынан тұратын алқа бағалады.
Финалға Maqsut Narikbayev University-ден «Құқықтану» бағдарламасының екі командасы өтті. Бірінші команда — Мирас Сайлауов, Назерке Бектемір және Диана Қахарман — мемлекеттік тілде сөйледі. Екінші команда — Зулхайнар Қожұмратов, Алдаберген Тегісбаев және Зангар Амангельдинов — орыс тілінде өнер көрсетті.
Финал қорытындысы бойынша екі команда да бірінші орынды иеленіп, әрқайсысы 1,5 миллион теңге көлемінде жүлде қорын жеңіп алды. Бұл Maqsut Narikbayev University студенттерінің жоғары деңгейдегі дайындығы мен заң факультетінің білім беру бағдарламаларының тиімділігін дәлелдеді.