Maqsut Narikbayev University-де студенттердің Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкенмен кездесуі өтті. Іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді талқылады.
Кездесу барысында стратегиялық құжатта көрсетілген ел дамуының негізгі бағыттары талқыланды. Цифрландыру, технологиялық серпіліс, заманауи білім беру мен құқықтық жүйені дамытудағы жасанды интеллекттің рөлі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Айта кетейік, осы жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялаған болатын.

«Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық мақсат – әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру, білім беру және жоғары технологиялар саласындағы ілгерілеушіліксіз қол жеткізілмейді. Халықтың қоғамдық және экономикалық өмірінің барлық салаларында жасанды интеллект технологиялары мен инновацияларды дамытуды ынталандыру маңызды. Жастардың қолдауы арқасында біз өз мақсатымызға жетеміз деп сенемін», – деп атап өтті Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен.
Өз кезегінде, MNU Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева мен MNU Adjunct Assistant Professor-ы Естер Бабаджанян академиялық процестерге ЖИ-ді енгізудің әлемдік тәжірибесі талдауымен бөлісті. Оқытуды дербестендіру, жұмыс тексеруді автоматтандыру, зерттеулер жүргізу және ғылыми қызметті қолдау үшін зияткерлік жүйелерді пайдалану сияқты аспектілер қозғалды. Оқытушылар университет өз жұмысына бейімдеу үшін үздік халықаралық тәжірибелерді белсенді түрде оқып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, MNU басқару құрылымын трансформациялау барысында академиялық блоктан ғылым, инновациялар және жасанды интеллектті біріктіретін жаңа бағыт бөлінген. Күні кеше Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және ЖИ жөніндегі орынбасары қызметіне Сергей Пен тағайындалды.




