MNU Logo
Біз халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаймыз – MNU ХЭМ деканы Сәуле Кемелбаева - MNU

16.05.2025

Біз халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаймыз – MNU ХЭМ деканы Сәуле Кемелбаева

Maqsut Narikbayev University (MNU) білім беру бағдарламаларының басым бөлігі Халықаралық экономика мектебінде (ХЭМ) ұсынылған. Мектеп бағдарламалары беделді аккредиттеуден өтуде, студенттер түрлі жарыстарда жеңіске жетіп, жаңа магистратура іске қосылуда. Халықаралық экономика мектебінің 20 жылдығы қарсаңында декан Сәуле Кемелбаева жүзеге асырылған жобалар мен болашаққа арналған жоспарлар туралы толығырақ айтып берді.

– Сәуле Сұлтанқызы, университетте кезекті академиялық жыл аяқталуда. Ол Халықаралық экономика мектебі үшін немен есте қалды? Сіз қандай өзекті оқиғаларды атап өтер едіңіз?

– Аяқталып келе жатқан академиялық жылдың ең маңызды оқиғаларының қатарында: біздің маркетинг бойынша бакалавриат бағдарламамыз үшін Ұлыбританиялық Chartered Institute of Marketing компаниясынан жаңа халықаралық кәсіби сертификаттау; Франциялық Монпелье бизнес-мектебімен бірлескен білім беру бағдарламасының тұсаукесері; саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша жаңа магистрлік бағдарламасының ашылуы.

Біз «Атамекен» ҚР ҰКП білім беру бағдарламалары рейтингіндегі жетекші позицияларды тағы да растадық. Рейтингке қатысқан төрт бакалавриат бағдарламаларының ішінен «Экономика» және «Менеджмент» бірінші орынды, ал «Қаржы» және «Бухгалтерлік есеп» – еліміздің 40-60 университеттері арасында екінші орынды иеленді.

Біздің алты студент Германиядағы Хоф қолданбалы ғылымдар университетімен бірлескен бизнес және IT бойынша қос диплом бағдарламасын аяқтады. Студенттеріміз биыл тек оқуда ғана емес, сонымен қатар оқудан тыс кәсіби бағдарланған іс-шараларда өте жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, олар топ-компаниялар ұйымдастырған 15-тен астам кейс-чемпионаттар мен басқа да турнирлерге қатысып, олардың көбінде жүлделі орындарға ие болды. Біздің 200-ге жуық студентіміз Big4 weeks іріктеу тестілеріне және үлкен төрттік компаниясының сұхбаттарына қатысып, олардың көпшілігі жұмысқа немесе ақылы тағылымдамаға шақыру алды.

Биыл ХЭМ жанынан екі ғылыми орталық ашылды: Экономикалық зерттеулер орталығы және Жаһандық және өңірлік басқару орталығы. Жалпы алғанда, бір жыл ішінде ғылыми блокта жұмыс істейтін әріптестермен 10-нан астам зерттеу іс-шаралары мен үш студенттік конференция ұйымдастырылды, сондай-ақ, 29 ғылыми жұмыс, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларында индекстелген журналдарда 16 мақала жарияланды.

Айта кетейін, төрт студентіміз бен түлектеріміз CFA емтиханының бірінші деңгейін алғашқы талпыныста тапсырды. CFA (Chartered Financial Analyst) – бұл қаржы саласындағы ең беделді халықаралық кәсіби сертификаттаудың бірі. CFA сертификатының иегері мәртебесін алу үшін үш күрделі емтихан тапсыру қажет. Оның біріншісі қаржы, экономика және статистика саласындағы он пәнді қамтиды. Біздің бакалавриат бағдарламасы осы емтиханның 90 пайызын қамтиды, яғни бакалавриатта оқитын студент бір мезгілде емтихан тапсыруға дайындалады, ал үздік студенттер тіркеу жарнасына айтарлықтай дисконт ала алады. CFA емтиханын тапсыру өте қиын, емтихан тапсырғандардың үлесі әдетте 40-45%-дан аспайды. Осылайша біздің студенттер жақсы нәтижелер көрсетуде. Магистратурадағы «Қаржы» бағдарламасы бірінші деңгейге ғана емес, екінші және үшінші деңгейге де дайындайды. Біз бірінші деңгейді тапсырған студенттер екінші және үшінші деңгейді де сәтті тапсыра алады деп сенеміз.

– Білім беру бағдарламаларын FIBAA, CIMA, CFA, GARP сынды беделді халықаралық агенттіктерінен аккредиттеумен қатар, «Бухгалтерлік есеп» және «Қаржы» мамандықтары ACCA халықаралық қауымдастығынан қайта аккредитациядан өтті. Бұл студенттерге не береді? Түлектерлің алдында қандай артықшылықтар бар және басқа да ірі әлемдік агенттіктерден аккредитация алу жоспарлануда ма?

– Биыл АССА «Қаржы» және «Бухгалтерлік есеп» бағдарламаларын аккредиттеуді 2029 жылға дейін ұзартты. Бағдарламалардың мазмұны АССА толық сертификаттаудағы 13 емтиханының 9-ын қамтиды. Бұл университеттер үшін мүмкін болатын ең жоғарғы көрсеткіш. АССА бухгалтерлік есеп пен қаржы саласындағы беделді британдық сертификаттау болып табылады.

ХЭМ бағдарламалары ACCA аккредитациясын 2016 жылы алғаш рет алған. Бұл олардың жоғары сапасы мен қатаң халықаралық талаптарға сәйкестігін растап, студенттердің өзекті білім мен үздік тәжірибелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Аккредиттеу аясында біздің студенттер үшін ACCA Акселерат стипендиялық бағдарламасы да қолжетімді. Бағдарлама емтихандардан босатуға және ACCA-де айтарлықтай жеңілдікпен тіркелуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда атап өткенімдей, «Маркетинг» бағдарламасын The Chartered Institute of Marketing мойындады. CIM – 115 жыл бұрын құрылған маркетологтардың әлемдегі ең ескі кәсіби ұйымы. Бүгінде ол 120-дан астам елде ұсынылған және танылған, мысалы, әлемдегі маркетинг саласындағы басшылардың 30-35 пайызы – CIM сертификатының иегерлері. Сертификаттаудың бастапқы деңгейі төрт модуль бойынша емтиханды қамтиды. CIM аккредитациясы біздің «Маркетинг» мамандығының түлектеріне екі модульді тапсырудан босату алуға, сондай-ақ, оқу барысында қалған екі модульге терең дайындалуға мүмкіндік береді. Біз CIM-нің озық ресурстарын (әдебиет, вебинарлар және т.б.) пайдалана аламыз. Әрине, сертификаттауға дайындық аясында біз бағдарламаны қайта қарап, оны сертификаттау контентіне жақындаттық. Ол енді «жұмсақ» дағдылар емес, зерттеу және талдау дағдыларын дамытуға бағытталған.

Болашаққа жоспарларымыздың бірі – жеткізу тізбектері мен өндірістік менеджментті басқару бойынша мамандану үшін халықаралық кәсіби танымалдылыққа ие болу. Біз қазір осы перспективалы мамандануды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ол студенттерге логистика мен өндірістің негізгі тұжырымдамалары туралы ғана емес, сонымен қатар операциялық менеджмент, стратегия және инженерлік шешімдер туралы да білім береді.

Халықаралық кәсіби сертификаттарды алу бізден уақыт пен ресурстарқа инвестициялауды талап етеді, бірақ нәтижелер біздің күш-жігерімізге тұрарлық. Олар түлектердің білімдері мен дағдыларын халықаралық стандарттарға және үздік кәсіптік практикаларға жақындатып қана қоймай, кең мансаптық перспективалар ашады. Соның ішінде халықаралық компанияларда жұмыс істеу, неғұрлым жоғары бастапқы жалақыға үміттену, мансаптық жылдам ілгерілеу мүмкіндіктерін едәуір арттыру мүмкіндігі бар.

Біздің міндетіміз және әлеуметтік жауапкершілігіміз – түлектеріміздің өзіне және өз отбасыларына лайықты өмір сүруді қамтамасыз ете алатын, Қазақстандағы кәсіби қоғамдастықтың дамуына және жалпы еліміздің дамуына үлес қоса алатын, өзіне сенімді кәсіпқой маман ретінде қалыптасуы.

– MNU-да оқитындардың басым бөлігі Халықаралық экономика мектебінің студенттері мен магистранттары. Бұл білім беру бағдарламаларының жоғары сапасы мен практикалық бағыттылығының айғағы бола ма? Талапкерлердің сеніміне ие болып, халықаралық стандарттарға қалай сәйкес келуге болады?

– Шынымен де, биыл ХЭМ студенттерінің саны басқа мектептер студенттерінің санынан сәл асып түсті, бірақ бұл бізде білім беру бағдарламалары көп болғандықтан. Біз де, университеттің басқа мектептеріндегі әріптестеріміз сияқты, бағдарламаларымыз жұмыс берушілердің ең жоғары үмітіне сай болуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Еңбек нарығының маманы ретінде мен әрдайым студенттерімізге айтамын: оқу сәтті аяқталған жағдайда, олар қазақстандық еңбек нарығы үшін біраз overqualified (аса білікті) болуы мүмкін, бірақ біліктілігі жоқ студенттерге қарағанда аса білікті болғаны дұрыс.

Біз де қазір еңбек нарығына шығатын жастар тиімсіз жағдайда екенін түсінуіміз керек. Таяу онжылдықта біз қолайсыз демографиялық трендтің қысымын бастан өткереміз – еңбек нарығына шығатын жастар саны пайда болатын жұмыс орындар санынан асып түседі, өйткені экономика демографиялық трендке сәйкес келетін қарқынмен өспейді. Сондықтан, біздің түлектеріміз халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуы тиіс деп ойлаймын. Егер олар Қазақстанда жұмыс істесе керемет болады, бірақ олар халықаралық мансапты қарастыру тұрғысынан да өздерін сенімді сезінулері тиіс. Біздің көптеген түлектеріміз туралы қазір де олсылай айтуға болады.

Сенімге тек біздің істеген істеріміздің жоғары кәсібилігі мен стандарттары арқылы ие бола аламыз. Сапаны сақтау – бұл студенттерге бiлiм беретiн оқытушыдан бастап олардың орындалуын қатаң қадағалайтын емтихандардағы прокторларға дейiн команданың әрбiр мүшесiн тартуды талап ететiн күрделi процесс. Біздің командамыздың әрбір мүшесі осы құндылықтарды қолдайды, сондықтан біз үйлесімді механизм ретінде жұмыс істейміз. Сондай-ақ біздің барлық оқытушыларымыз – халықаралық бәсекеге қабілетті, яғни қаласа, олар халықаралық компанияларда және шет елдерде жұмысты оңай таба алады. Өйткені олар халықаралық деңгейде танылған университеттердің дипломдарының иегерлері. Оларда кәсіби сертификаттар бар, ағылшын тілінде оқыған және көбісі индустрияда, шетелдік университеттерде мол тәжірибе жинаған.

– Белгілі болғандай, мектеп экономикалық мамандықтардан басқа болашақ IT-мамандар мен дипломаттарды да дайындайды. Аталған білім беру бағдарламалары қаншалықты маңызды? Студенттердің қосымша мамандануды (minor) меңгеруі артып келе ме? Сондай-ақ «Саясаттану және халықаралық қатынастар» жаңа магистрлік бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз?

– «Халықаралық қатынастар» бағдарламасы біздің мектепте бес жыл бұрын іске қосылған болатын, биыл біз бакалаврлардың екінші түлектерін шығарып салудамыз. Бағдарлама бизнес мамандығына қарағанда қолданбалы еместігіне қарамастан, талапкерлер арасында өте танымал болып шықты, және қазір біздің бакалавриаттағы студенттеріміздің 30 пайызы онда оқиды.

Бағдарламаның танымалдығы, өкінішке қарай, Қазақстанда талапкерлердің еңбек нарығын, перспективалар мен тәуекелдерді дұрыс түсінбеуіне байланысты болуы керек. Біз ақпараттық вакуумда өмір сүріп жатырмыз, бізде деректерге негізделген еңбек нарығының трендтері мен болжамдары бойынша жақсы зерттеулер аз жүргізілуде. Орта мектептердегі кәсіптік бағдар бағдарламасынан да көңілін толмайды. «Халықаралық қатынастар» – бұл, сөзсіз, біз кепілдік беретін қызықты бағдарлама, Бірақ еңбек нарығында ол бойынша мүмкіндіктер аздау, ал жұмыс орындары үшін бәсекелестік – одан да көп. Мысалы, біз бастапқыда осы бағдарламаны түлектеріміздің халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуі үшін бағыттадық. Алайда ол ұйымдарда қызмет ету үшін қазір бакалавр дәрежесі жеткіліксіз, кем дегенде магистратура қажет. Осы пікірлердің барлығын біз әріптестерімізден естіп отырмыз, осыған байланысты біз бакалавриат бағдарламасын қайта қарап, магистратура бағдарламасын іске қосудамыз. Халықаралық қатынастар бойынша бакалавриат бағдарламасында енді бітірушілердің құзыреттілігін тарылтуға және тереңдетуге арналған үш мамандандыру болады. Олардың бірі – Халықаралық қатынастардағы деректерді талдау. Біздің барлық бағдарламаларымыз data literacy – деректерді өңдеу мен талдауға және шешім қабылдау үшін дұрыс қорытынды жасауға аса назар аударатынын атап өткен жөн. Бұл заманауи адамның жазу және оқу қабілеті сияқты маңызды дағдысы деп санаймын. Ол тек техникалық дағдыларды ғана емес, бірінші кезекте талдамалық дағдыларды және ақпаратты, оның ішінде сандық ақпаратты сыни ойлау тұрғысынан өңдеу қабілетін қамтиды. Саясаттану және халықаралық қатынастар бойынша магистрлік бағдарлама да талдау мен зерттеу әдістерінің үлкен блогын қамтиды.

Біздің IT бағдарламамыз да бірегей деуге болады. Ол IT және бизнес комбинациясы ретінде Хоф қолданбалы ғылымдар университетімен бірлесіп әзірленген. Бұл бағдарламаның түлектері әдетте ІТ саласындағы бизнесті басқарумен байланысты қызметтерге жақсы орналасады.

Айтпақшы, біз арнайы ХЭМ бағдарламаларын қарастыратын талапкерлер үшін гайд әзірледік, онда біз ХЭМ-де оқудан не күтуге болатынын, оқуды аяқтағаннан кейін олар қайда жұмыс істей алатынын, әрбір бағдарламаның қандай артықшылықтары мен тәуекелдері бар екенін көрсеттік.

ХЭМ-де біз 16 майнорды – қосымша мамандануды ұсынамыз. Біздің көптеген түлектеріміз негізгі дипломға бір, тіпті екі майнор сертификатын қатар алады. Кейбіреулері тіпті майнорда меңгерген мамандықтарға бет бұрады. Мысалы, бізде экономика және менеджмент дипломдарын иеленіп, маркетинг майнорын меңгеру арқасында осы салада табысты мансап құрған түлектер бар.

– Maqsut Narikbayev University ғылыми-зерттеу жоғары оқу орнына айналу процесінде. Мектеп университеттің дамыту Стратегиясын іске асыруға қалай ықпал етеді және жас ғалымдар қандай қолдауға ие болады?

– Қазір ХЭМ-де 31 PhD кандидаты мен PhD докторлары қызмет атқарады. Бұл оқытушылардың жалпы санының 40%-ынан сәл аз. Оқытудан басқа, бұл әріптестер зерттеу жұмыстарына, жобаларға белсенді қатысады қатысады және олардың еңбектері халықаралық ғылыми басылымдарда, оның ішінде Scopus және Web of Science базаларында индекстелетін басылымдарда жарияланады. Олардың көбі – жас ғалымдар, «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде білім алып, жұмыс істеп, кейін Қазақстанға оралған мамандар.

Халықаралық экономика мектебінің миссиясы – «Біз ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибенің ұштастыруын қамтамасыз етіп, бизнес, мемлекеттік сектор және қоғамға, халықаралық деңгейде бәсекеге кәсіби мамандарды дайындаймыз». Осыған сәйкес біз оқытушы-зерттеушілер мен оқытушы-практиктер арасындағы теңгерімді сақтауға тырысамыз. MNU-дағы оқытушы-зерттеушілер үшін ғылыми-бағытталған мансаптық трек мүмкіндіктері бар, онда жұмыс жүктемесінің бір бөлігі зерттеуге бөлінген. Сондай-ақ әріптестердің қандай зерттеулермен айналысатынын және қалай айналысатынын шешуге еркіндігі жеткілікті.

Биыл мектеп жанынан екі ғылыми орталық ашылды, оларға сондай-ақ RA (research assistants), жоғары курс бакалаврлары мен магистранттардың зерттеу жұмыстарына әлеуетін көрсететін позициялары бөлінген. Жалпы, мен қазір студенттердің зерттеу және академиялық мансапқа қызығушылығын көріп отырмын деп айтар едім. Бұл бұрын болмаған жағдай. Әрине, бұл көбіне университет басшылығының осындай бастамаларға қолдау көрсетуімен байланысты. Сонымен қатар көптеген студенттер үшін рөлдік үлгіге айналған біздің зерттеуші әріптестеріміздің еңбегі зор.

– Мектепте Бизнес кеңестің жұмысы белсенді, онда әлеуетті жұмыс берушілер мен серіктестер білім беру бағдарламаларының мазмұнын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтады. Кеңестің соңғы отырысында қатысушылар оқытудағы жасанды интеллект (ЖИ) интеграциясын күшейтуді ұсынды. Білім беру процесінде өзгерістер күтілуде ме және бүгінгі таңда ЖИ-ді тиімді пайдалану қаншалықты маңызды?

– Иә, біз Бизнес кеңестің кездесулерінде жұмыс берушілеріміз бен серіктестерімізден үнемі өте пайдалы инсайттар аламыз. Биыл біз «Халықаралық қатынастар» және «Бизнес» бағдарламалары үшін бөлек екі отырыс өткіздік. Олардың бірінде біз жұмыс берушілерден жұмыс орнында қандай құзыреттіліктерге сұраныс бар екендігі туралы сауалнама жүргіздік және алынған нәтижелер бізді тіпті таң қалдырды. Мысалы, біз әрдайым индустрияда талап етілетін негізгі дағдылар – командалық жұмыс, коммуникациялық дағдылар сияқты «жұмсақ» дағдылар болып табылады деп санаймыз. Ал біздің бизнес серіктестеріміз этика мен адалдықты, стратегиялық көзқарасты, нәтижеге бағдарлануды, жұмыс істеу және өз бетінше шешім қабылдау қабілетін бірінші орынға қойды.

Біз сондай-ақ әріптестермен ЖИ сауаттылығы бойынша курсты талқыладық және олардың кері байланысы негізінде келесі жылдан бастап біздің студенттер үшін міндетті болатын асинхронды курсты әзірлеудеміз. Бұл курста біз ЖИ пайдалану әдебіне, сондай-ақ, оны жұмыс орнында бизнес-міндеттерді шешу үшін тиімді қолдана білуге баса назар аударуды көздеп отырмыз.

– 2024/2025 оқу жылында Халықаралық экономика мектебінің студенттері көптеген кейс-чемпионаттарға қатысып, беделді сайыстарда тамаша нәтижелер көрсетті. Сіз қандай маңызды жетістіктерді атап өтер едіңіз және студенттердің жетістіктері немен байланысты?

– Бұл шынымен мақтанарлық жайт. Менің ойымша, қазір білім беру нарығы мен кәсіби қоғамдастықта біздің бағдарламаларымызды студенттеріміз бен түлектерімізге қарағанда ешкім де жақсы позициялай алмайды. Бірнеше жыл бұрын мектеп жанынан әріптесіміз Жан-Төре Аязбековтың бастамасымен және жетекшілігімен студенттік Кейс-клуб құрылды. Биыл клуб резиденттері KBTU Risk Management Case Competition, McKinsey & Company Case Championship, АССА-дан «CFO буыны», SAP BTP Exploration Workshop: Nomad HackFest, British American Tobacco Case Championship, ҚДБ республикалық Дататоны, Metricon Econometrics Hackathon сияқты беделді студенттік бизнес сайыстарда топ жарды.

Ең маңыздысы – осы турнирлерге қатыса отырып, біздің студенттеріміз өздерінің аналитикалық және өзін-өзі көрсету дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар, әр жолы бізге оларға не үйреткеніміз, бәсекелестерден не күштірек, не нашар етіп жатқанымыз жөнінде тамаша талдау береді. Бұл өте пайдалы инсайт және біз үлкен назар аудара бастадық. Мысалы, чемпионаттардың бірінен кейін студенттер бізге басқа университеттерге қарағанда қаржылық білім бойынша басым түсіп, бірақ экономикалық білімде әлсіз болғанын айтты. Осыдан кейін біз тек формальды білім беру арқылы ғана емес, сонымен қатар сабақтан тыс қызметті қамтитын экономикалық білімдерді қалыптастыруға көбірек назар аудара бастадық. Мысалы, әріптестеріміздің қолдауымен биыл студенттер бізде макроэкономика бойынша кейсті шешуге арналған кейс-чемпионат өткізді. Ал қазылар алқасы мүшелері ретінде Ұлттық банктен серіктестеріміз шақырылды.

– Сондай-ақ ХЭМ «Табыс сыры» жаңа жобасын іске қосты. Онда бизнесмендер, кәсіпкерлер қазақ тілінде табыс тарихымен бөліседі. Жоба жалғасын табады ма және ол мемлекеттік тілді насихаттауда қандай рөл атқарады?

– Сөзсіз, біз бұл жобаны тұрақты негізде жалғастырамыз. Студенттеріміздің басым бөлігі үшін қазақ тілі негізгі тіл болып табылады, бірақ, бір өкініштісі, шақырылған көптеген спикерлер орыс тілінде сөз сөйлейді. Осыны байқап «Табыс сыры» жобасын қолға алдық. Әртүрлі тілдерді меңгеру – өте жақсы және маңызды дағды, бірақ қазақ тілі – біздің ана тіліміз екенін және оның дамуы үшін әрқайсымыз жауап беретіндігімізді ұмытпауымыз керек. Қазір мамандануымыздың ерекшелігіне байланысты (бизнес және халықаралық қатынастар) біз ағылшын тілінде білім береміз, бірақ болашақта бағдарламаға қазақ тіліндегі пәндерді енгізу жоспары бар. Бұл бізден инвестиция талап етеді, өйткені, өкінішке қарай, қазақ тілінде дайын сапалы материалдар көп емес. Сондықтан біз әзірге осындай кішігірім, бірақ маңызды қадамдардан бастау туралы шешім қабылдадық.

– Биыл 900-ден астам адам MNU дипломын алады деп күтілуде, олардың үштен бірі Халықаралық экономика мектебінің түлектері. Сіздің ойыңызша, Maqsut Narikbayev University түлегін қалай сипаттауға болады?

– Мен бұл – жауапты және әдепті, өз бетінше ойлай алатын және шешім қабылдай алатын, конструктивті коммуникацияларды білетін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жас және амбициялы кәсіпқой дегенге сенемін. Мен жеке өзім студенттеріміздің трансформациясын көргенді ұнатамын, олар бізге бала болып келеді, ал бұл жерден ересек кәсіпқойлар болып кетеді. Бұған өз үлесімді қосу – мен және көптеген әріптестеріміз үшін үлкен мотивация.

– Биыл Халықаралық экономика мектебі 20 жылдығын атап өтуде. Мектептің пайымы – өңірлік және жаһандық нарықта сұранысқа ие әлемдік деңгейдегі білім мен зерттеулерді ұсынатын Орталық Азия көшбасшыларының біріне айналу. Бұл жүзеге асу үшін не қажет және жаңа академиялық жылға қандай стратегиялық бағдарлар белгіленген?

– Біздің мектеп эволюция мен өсудің тұрақты серпінді процесінде тұр. Университет құрамында құрылғаннан бері ол үлкен трансформациялық өзгерістерден өтті. Мысал үшін айтайын, 2019-2020 жылдары ХЭМ-де 14 бакалавриат пен 9 магистратура бағдарламалары болды, білім алушылар саны 869 болды. 2020-2021 жылдан бастап біз бағдарламалық портфельді оңтайландыру және фокус пен мамандануды күшейту міндетін қойдық. Кейбір бағдарламалар жабылды, ал бір бөлігі басқа мектепке аударылды. Нәтижесінде, ағымдағы жылғы жағдай бойынша бағдарламалар саны айтарлықтай төмен, ал бағдарламаға есептегенде студенттердің орташа саны бес есе аса өсті.

2021 жылдың желтоқсанында біз мектептің атауын өзгерттік. Халықаралық экономика мектебі атауы тек жергілікті ғана емес, халықаралық білім беру және кәсіби нарықта да жақсы орын алу үшін жасалды. Бұл стратегиялық бағдар ХЭМ үшін қазір де негізгі болып қала береді. Біз өзімізге халықаралық бәсекеге қабілетті түлектерді даярлап қана қоймай, халықаралық танымал брендке айналу міндетін қойып отырмыз. Менің ойымша, бұл үшін бізде жеткілікті алғышарттар бар: жақсы оқытушылар мен зерттеушілер құрамы, қалыптасқан саясат пен процестер, команда ішіндегі ортақ құндылықтар және біз қандай бағытта қозғалуымыз керектігін түсіну. Тек уақыт пен табандылық қажет.

– Мазмұнды әңгіме үшін рахмет!

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Барлық жаңалықтар
Барлық жаңалықтар
Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз