Maqsut Narikbayev University-де Euronews академиясының курстары өтуде. Ірі халықаралық телеарнаның жетекші сарапшылары студенттерге телевизиялық, цифрлық журналистика негіздерін үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісуде.
Euronews академиясының курстары журналистика және медиа саласындағы кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған. Студенттер телеарнаның білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларына бірегей мүмкіндігіне ие болып, халықаралық жетекші сарапшылардан тәжірибелік білім алуда. Жоба Euronews, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры және Астана қаласындағы үш университет арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылады, бұл ретте MNU – курстарды өткізу базасы ретінде белгіленген.
Euronews академиясының білім беру бағдарламасы ақысыз негізде өткізіледі және «Телевизиялық журналистика», «Цифрлық журналистика» сияқты курстарды қамтиды. «Телевизиялық журналистика» курсы аясында оқытушы ретінде тәжірибелі медиаменеджер, Астанадағы Euronews бюросының басшысы Боян Бркич және халықаралық сарапшы Серджио Кантоне болды. Олар студенттерге сұхбат беру техникасын және бейнекамера алдында сенімді жұмыс жасауды үйретті. Қатысушылар өздерін әртүрлі рөлдерде сынап көрді: репортаж түсіру, кадрда жүргізуші болу, «тікелей эфир» форматында жұмыс істеу.
«Цифрлық журналистика» курсы digital-контентті құру бойынша қарқынды оқытуды, жасанды интеллектті пайдалануды, әлеуметтік желіде ілгері жылжытуды, сондай-ақ медиа саласындағы заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қамтиды. Курс оқытушылары ретінде Euronews журналистері мен продюсерлері Туба Алтункая, Ханна Браун, Фатих Йетим және Пьер Ассема танылды, ал оқудың аяқталуы 2025 жылдың 19 мамырында жоспарланған.
Айта кету керек, қатысушылардың басым бөлігі – MNU Халықаралық журналистика мектебінің студенттері. Олар Euronews және «Медиа дамыту қоры» мамандары жүргізген іріктеуден өткен. Курсты аяқтағаннан кейін студенттер алған дағдылары мен қатысуын растайтын Euronews сертификаттарына ие болады. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылар ашық дәрістер өткізеді, ал БАҚ өкілдеріне арналған жеке модульдер іске қосылады.
Еске салайық, Euronews – штаб-пәтері Брюссельде орналасқан ірі халықаралық телеарна. Ол теледидар арқылы 160 елдегі 400 миллионнан астам көрерменді және ай сайын онлайн форматта 25 миллионнан астам көрерменді қамтиды.