Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Euronews академиясының курстары жалғасуда. Бұл жолы халықаралық телеарнаның жетекші сарапшыларының тренингтеріне қазақстандық медиаменеджерлер қатысуда.
Euronews өкілдері медиаиндустриядағы үрдістер мен бизнес-модельдер, медиаконтентті тарату және жарнамалық модельдер туралы әңгімелейді. Бұдан басқа, білім беру модулі медиадағы көшбасшылық және медиаиндустриядағы ивент менеджмент сияқты тақырыптарды қамтиды. Курс оқытушылары – бас редактор, цифрлық бөлім жетекшісі Али Айдын, халықаралық сату бөлімінің директоры Кьел Стейн, сыртқы жарнама және ТМД мен Балтық елдеріндегі тарату бөлімінің жетекшісі Наталья Ланчак және іс-шаралар бөлімінің директоры Моника Роблес.
Euronews академиясының курстары журналистика және медиа саласындағы кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған, онда тыңдаушылар телеарнаның білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларына қол жеткізіп, халықаралық жетекші сарапшылардан тәжірибелік білім алады. Жоба Euronews, «Медиа даму қоры» корпоративтік қоры және Астана қаласының жоғары оқу орындары арасындағы меморандум аясында іске асырылуда, онда Maqsut Narikbayev University курстарды өткізу базасы ретінде белгіленген. Айта кетейік, бұған дейін MNU студенттері академияның телевизиялық және цифрлық журналистика курстарынан өткен болатын.


