Maqsut Narikbayev University-де (MNU) «Қазақстан балаларына ұлттық қор: инновациялық саясат және жаһандық ықпал ету әлеуеті» халықаралық симпозиумы өтті. Сарапшылар әлеуметтік саясат, балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін, сондай-ақ әрбір бала үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін талқылады.
Симпозиумды өткізуге АҚШ-тың Сент-Луистегі Вашингтон университетінің өкілдері бастамашыболды. Олар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қызығушылық танытты. Бағдарлама өткен жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып келеді және болашақ ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға, жастардың білім алуына сәтті бастау және қолдау үшін жағдай жасауға бағытталған. Бағдарлама аясында қазақстандық балалардың жинақ шоттарына жыл сайын ҚР Ұлттық қорының жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы жіберіледі.

«Бұл табиғи ресурстардан түсетін табыс әрбір баланың білімі мен дамуына бағытталатын әлемдегі алғашқы тәжірибе. Осы симпозиум сияқты халықаралық білім мен тәжірибе алмасу жаңа шешімдерді табуға және балалардың құқықтарын қорғаудың жаһандық стандарттарын нығайтуға көмектеседі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Симпозиум тәжірибе алмасу үшін халықаралық алаңға айналды және АҚШ, Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея, Әзербайжан және Моңғолия сарапшыларын біріктірді. Олардың қатарында Сент-Луистегі Вашингтон Университетінің басшылық құрамы, MNU, ҚР Парламенті Мәжілісі, Қытай халқы және даму орталығы, Пекин университеті, Сингапур ұлттық университеті, Сонгюнгван университеті (Оңтүстік Корея), Әзербайжанның Экономикалық және әлеуметтік даму орталығы, Моңғолияның Әлеуметтік жұмысты жетілдіру орталығы және Zertteu институтының өкілдері болды. Іс-шараға қатысушылар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру өскелең ұрпақтың әл-ауқатына бағытталған мемлекеттік саясатты дамытуда жаңа парақ ашатынын атап өтті.
«Бағдарлама бүкіл әлемге үлгі болатын революциялық бастама болып табылады. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық көрегендігінің және оның қала немесе ауылда тұратынына қарамастан, еліміздің барлық балаларын дамытуға инвестиция салуға ұмтылысының еңбегі болып табылатынын ерекше атап өту қажет. Қазақстанның жеті миллион баласының барлығы осы фантастикалық көреген жобаның пайдасын көреді», – деді Сент-Луистегі Вашингтон университетінің Әлеуметтік даму орталығының халықаралық директоры Ли Зоу.

Сарапшы сондай-ақ Қазақстан болашаққа стратегиялық көзқарасы бар, балаларға инвестиция салуға және адами капиталды дамытуға бағытталған көшбасшымен бақытты мемлекет екенін атап өтті. Симпозиум аясында балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «S.A.F.E.» ұлттық бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама 0-ден 17 жасқа дейінгі балалар арасында зорлық-зомбылық пен суицид қаупін азайту және болдырмау үшін Қазақстанда іске асырылып жатқан төрт негізгі стратегиядан тұрады.
Айта кетейік, осы жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының барлық қатысушыларына жалпы аударымдары 888,8 млн АҚШ долларын құрады.





 
 
 
