Maqsut Narikbayev University-де «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның сессиясы өтті. Заңгерлер, депутаттар және мемлекеттік органдардың өкілдері заң шығару процесіндегі конституциялық принциптердің рөлін талқылады.
ҚР Конституциялық Соты, ҚР Парламенті Мәжілісі және ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара Ата заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай өтті. Сарапшылар заң мен Конституцияның арақатынасы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз етудегі билік органдарының рөлі сұрақтарын талқылады. Бұдан басқа, конституциялық бақылау функциясы және конституциялық заңдылық негізінде құқықтық кеңістікті қалыптастыру тақырыптары бойынша пікір алмасты.
«Жаһандық сын-қатерлер мен цифрлық трансформация жағдайында конституциялық принциптер заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін дамыту үшін сенімді бағдар болуда. Конференция аясындағы тәжірибе алмасу мен ашық диалог құқықтық мемлекет пен демократиялық құндылықтарды одан әрі нығайтуға ықпал ететін жаңа идеялар мен шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенемін», – деді MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Іс-шараға қатысушылар сондай-ақ Конституция призмасы арқылы заңнаманың сапасын қамтамасыз ету және заң популизмі мен бұрмалаудан қорғау үшін қажетті бақылау тетіктері мәселелерін қозғады. Конференция барысында университеттің бірқатар қызметкерлері «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов. Мемлекет басшысының атынан медальдарды табыс етіп, мереке қарсаңында осындай пікірталас алаңын жыл сайын MNU-да ұйымдастыру дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Заң жобаларының сапасы, олардың Парламент қабырғасында қаралуы басым міндет болып табылады. Бұл процесте конституциялық ережелердің мазмұнын жан-жақты ашуға, оларды заңнамада іске асыруға қажетті жағдайларды жасау және конституциялық бақылау органдарының ұсынымдары мен құқықтық ұстанымын есепке алу түйінді фактор болып табылады. 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның конституциялық әділет органдарының тәжірибесінде заңдардың Ата заңға сәйкестігін қарастыру бойынша белгілі бір тәсілдер қалыптасты», – деді Бақыт Нұрмұханов.
Айта кетейік, конференция мемлекеттің құқықтық жүйесінің болашағы туралы сарапшылық диалогты дамытуда маңызды кезең болды.


