13 мемлекеттен 90-нан астам студент International Legathon MaxUP 2026 екінші халықаралық заң саласындағы кейс-чемпионатына қатысты. Ауқымды сайыс Maqsut Narikbayev University-де өтті (MNU).
Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды. «Болашақ құқығы» тақырыбындағы байқау Әзербайжан, Германия, Грузия, Канада, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан және Шри-Ланка жоғары оқу орындарының 23 командасын біріктірді. Жарыс барысында студенттер жаңа технологиялардың заң жүйесіне, құқық қағидаттарына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттеді.

«Біз MNU-да болашағымыз жаңашылдықды жасаудан, сұрақ қоюдан және көшбасшы болудан қорықпайтындарға тиесілі екеніне сенімдіміз. Екі күн бойы Legathon MaxUP сайысында қатысушылар құқықтың болашағы бүгіннен бастап олардың идеялары, шешімдері және стандартты емес ойлауға дайындығы арқылы қалыптасатынын көрсетті. Біз құқық пен технология бірге дамитын дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл жаңа шынайылықта тек қана құқықты білу жеткіліксіз, оны қайта түсінуге дайын болу қажет», – деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
«Lex Fantastica» дебат форматындағы байқаудың бірінші кезеңі «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотында ұйымдастырылды. Пікірсайыс барысында студенттер метағаламшарлардың меншік иелерінің жауапкершілігі мен оны нақты бір мемлекеттердің баламасы ретінде қарастыру, виртуалды активтерді реттеу және виртуалды болмыстың меншігін қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект судьядан бас тарту мен виртуалды шындықта болу уақытын шектеудің заңдылығы туралы дәлелдер келтірді. Жарыстың ақтық кезеңі мен Гранд-финал MNU-да өтті.
Финалға қатысушылар автономды көлікті пайдалану, синтетикалық контент және экономикадағы жасанды интеллектіні реттейтін нормаларды әзірлеу бойынша өз идеяларын ұсынды. Төрешіліктің бейтараптығын сақтау үшін қатысушылар сөз сөйлеу барысында өз елі мен университетін танытқан жоқ. Командалардың ұсыныстарын әділет, ғылым және жоғары білім вице-министрлері, Жоғарғы Сот судьясы, жетекші заң фирмаларының серіктестері, халықаралық компаниялары, даму институттары, сондай-ақ дипломатия және білім беру салаларының өкілдері бағалады.

«MNU – жасанды интеллектіні заңдастырудың нормативтік құқықтық шеңбері туралы мәселені көтерген алғашқы университет. Ең қызығы, байқауға түрлі елдерден осы мәселелерді шешетін командалар көп жиналды. Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданғаны белгілі. Осындай іс-шаралар есебінен біз қазіргі заңнамаға тағы бір рет қарап, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді пысықтауға немесе жетілдіруге болатын жаңа нормаларды ала аламыз», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Іс-шара ұйымдастырушылары университет профессорлары республиканың нормашығармашылық процесінде пайдалану үшін реттеушілік саясат құжаттары ретінде қатысушылардан жиналған барлық ұсыныстарды рәсімдейтінін атап өтті. Сайыс қорытындысы бойынша орыс лигасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Қазақстан), Maqsut Narikbayev University (Қазақстан) және В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университетінің (Ресей) командалары көш бастады, ал ағылшын лигасында үздік нәтижелерді Малайя университетінің (Малайзия), Румын-американ университетінің (Румыния) және Макгилл университетінің (Канада) студенттері көрсетті. Конкурстың жеңімпазы Малайзияның тұңғыш және ең беделді жоғары оқу орны – Малайя университетінің командасы атанды.

«Бізге сайыс тақырыбы мен дайындық процесі қатты ұнады. Біз үшін жеңімпаз болу үлкен мәртебе. Біз көп жұмыс істедік және күш-жігеріміз ақталды. Сонымен қатар басқа барлық командалар да кем тырысқан жоқ. Осы ретте біз оларға өзіміздің құрметіміз бен қолдауымызды білдіреміз», – деді Малайя университетінің студенті Кох Ши Ан.
Сайыстың жалпы жүлде қоры бес миллион теңгеден асты. Байқау АХҚО Соты, «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттар палатасы және «Baker McKenzie» халықаралық заң фирмасының қолдауымен өтті. Сондай-ақ конкурсқа Қазақстанның Даму банкі, «Unicase», «KP Disputes», «Turkenov Consulting» заң фирмалары және адвокат Рена Керімова қолдау білдірді.
Айта кетейік, International Legathon MaxUP алғаш рет 2025 жылы өткен болатын.














