
Maqsut Narikbayev University-де II International Legathon MaxUP байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасуда. «Болашақ құқығы» тақырыбындағы ауқымды студенттік іс-шара осы жылы 3-4 сәуірде өтеді.
International Legathon MaxUP студенттер мен жас мамандарға өз білімдерін көрсетіп, тәжірибе алмасып, құқықтық мәселелердің өзекті шешімдерін ұсына алатын бірегей алаң. Конкурс аясында олар жаңа технологиялардың заңнамалық жүйеге, құқық қағидаларына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттейтін болады. Сондай-ақ қатысушылар жасанды интеллект, цифрлық сәйкестік және трансшекаралық реттеу тақырыптары бойынша нақты құқықтық кейстермен жұмыс істейді.
Байқау орыс және ағылшын тілдік лигада өтеді. Әрбір университет бес адамнан тұратын бір команда құрып (4 студент және 1 жетекші қоса жүруі мүмкін), бағалы жүлделер үшін бақ сынайды. Өтінімдер 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін maxup.kz сайтында қабылданады.
Іріктеуден өткен үздік командаларға шығыстарды толық қаржыландыру (жол шығындары, тұру, тамақтану) қарастырылған. Бұдан басқа, қатысушылар практикалық тәжірибе, сала сарапшыларының тәлімгерлігі мен халықаралық аренада өздерін көрсету мүмкіндігіне ие болады. Конкурстың ақпараттық серіктесі – Baker McKenzie халықаралық компаниясы.
Айта кетейік, алғашқы International Legathon MaxUP өткен жылдың 18-19 сәуірінде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның 9 командасының қатысуымен өтті. Іс-шара MNU Құрметті ректоры, мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтың 85 жылдығына арналған болатын. Конкурс жеңімпазы ресейлік «Жоғары экономика мектебі» ғылыми-зерттеу университетінің студенттері атанды.