Maqsut Narikbayev University-де (MNU) Құқық жоғары мектебінің (ҚЖМ) Бизнес-кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жұмыс берушілер, серіктестер мен университет оқытушылары заң кадрларын цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану контекстінде даярлау мәселелерін талқылады.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстанның және халықаралық жетекші заң компанияларының мамандары, сондай-ақ «Құқық» бағыты бойынша оқу-әдістемелік бірлестік мүшелері қатысты. Олар оқу процесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар білдіріп, Қазақстан Республикасында 2025–2030 жылдарға арналған заң білімін дамыту тұжырымдамасын іске асыру жайлы пікір алмасты. Maqsut Narikbayev University провосты Сергей Пен қазіргі заманғы заңгерлік білім уақыт талабынан озық болуы, әрі болашақ заңгерлердің кәсіби және этикалық стандарттарының негізіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Бизнес-кеңес – MNU Құқық жоғары мектебінің тұрақты кеңесші органының бірі. Декан Ольга Бектибаева жұмыс берушілер мен серіктестердің пікірлері маңызды екенін және олар мектептің дамуына үлкен үлес қосып жатқанын айтты. Мәселен, бұрынғы Бизнес-кеңес отырыстарында айтылған ұсыныстардың арқасында «Халықаралық құқық» мамандығының жұмыс оқу жоспарына өзгерістер енгізілген.

Кеңес қатысушылары білім беру бағдарламаларының мазмұнына ЖИ-ді енгізу және оқу процесін басқару мәселелеріне ерекше назар аударды. ЖИ интеграциясы аясында барлық бакалавриат бағдарламалары үшін кіріспе курс енгізу, салалық және қолданбалы пәндерге арнайы модульдер қосу және профессорлық-оқытушылық құрамды оқыту жоспарлануда. Айта кетейік, бұған дейін ҚЖМ деканы Ольга Бектибаева ЖИ-ді қолдану саласындағы қосымша трек енгізу жоспарымен бөліскен болатын. Бұл бастама заңгерлердің күнделікті қалыпты тапсырмаларын айтарлықтай оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Бизнес-кеңес университет пен заң қауымдастығы, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар арасындағы стратегиялық диалог алаңы ретінде маңызды рөл атқаруда. Кеңес мүшелерінің мазмұнды ұсыныстары MNU Құқық жоғары мектебі әкімшілігі тарапынан ескерілді.


