Өткен аптада Maqsut Narikbayev University-де екінші International Legathon MaxUP 2026 заң саласындағы кейс-чемпионаты өтті. 13 мемлекеттен келген студенттер болашақ құқығын зерттеп, халықаралық байқаудың маңыздылығы туралы айтып берді.
Ауқымды студенттік сайыс Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды. Байқау Әзербайжан, Германия, Грузия, Канада, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан және Шри-Ланканың 90-нан астам студенттерін біріктірді. Конкурс барысында студенттер жаңа технологиялардың заң жүйесіне, құқық қағидаттарына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттеді.

«Байқауда қозғалған тақырыптар ойдан шығарылған емес, бұл алдағы 10 жылда нақты болатын тақырыптар. Сондықтан, бәрін түсіну және қатысушылардың идеяларын тыңдау өте маңызды. Мысалы, мен өзім үшін қолдануға болатын көптеген идеялар алдым. Байқау форматы заңгерлер үшін өте пайдалы және осындай іс-шараларды жыл сайын, бұдан да көп командалардың қатысуымен өткізу қажет. Сондай-ақ әлеуметтік сала, салық салу және жаңа технологиялар кезіндегі сот ісін жүргізу тақырыптарын көтеруге болады», – деді ҚР Әділет вице-министрі Даниель Ваисов.
«International Legathon MaxUP біздің елімізге пайдалы болады, өйткені біз үздік идеялар тоғысатын орталыққа айналдық. Сәйкесінше, біз бұл идеяларды бірінші болып іске асыра аламыз. Байқаудан кейін барлық жиналған тұжырымдамалар негізінде біздің профессорлар оларды нормашығармашылық процесте пайдалану үшін реттеуші саясат құжаттары ретінде рәсімдеуге кіріседі», – деді MNU Басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.

Конкурста студенттер метағаламшарлардың меншік иелерінің жауапкершілігі мен оны нақты бір мемлекеттердің баламасы ретінде қарастыру, виртуалды активтерді реттеу және виртуалды болмыстың меншігін қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект судьядан бас тарту мен виртуалды шындықта болу уақытын шектеудің заңдылығы туралы дәлелдер келтірді. Сонымен қатар автономды көлікті пайдалану, синтетикалық контент және экономикадағы жасанды интеллектіні реттейтін нормаларды әзірлеу бойынша идеялар ұсынылды. Командалардың ұсыныстарын әділет, ғылым және жоғары білім вице-министрлері, Жоғарғы Сот судьясы, жетекші заң фирмаларының серіктестері, халықаралық компаниялары, даму институттары, сондай-ақ дипломатия және білім беру салаларының өкілдері бағалады.

«Сайыстағы алғашқы кейсті орындау барысында көп күш жұмсадық. Берілген тапсырма өте креативті және көп қырлы болды. Жалпы нәтижеміз жаман емес, өйткені кейс авторы ұстанымның әлсіздігіне қарамастан, біздің оны қорғап шыққанымызды атап өтті. Біз үшін бұл мақтаныш, сайысқа көп дайындалдық, ал жеңімпазға дау жоқ. Алғашқы Legathon MaxUP чемпиондары ретінде осы жылғы сайысты ұйымдастырудың сапасына таңданыстық, ол одан әрі жақсарды. Конкурстың кеңейіп, болашақ құқығымен айналысатын заңгерлерге арналған алаңға айналғаны ұнайды. Менің ойымша, сайыс жыл сайын одан да ауқымды болады, ал келесі жылы 20-дан астам ел қатысады деп үміттенемін», – деді «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің студенті Равшан Идрисов.
«International Legathon MaxUP 2026 сайысына қатысу біз үшін мәртебе. Осы сайыстың арқасында біз түрлі құқықтық жүйелерден құқыққа қатысты түрлі көзқарастарды білеміз. Бұл бізге құқықты тереңірек түсінуге көмектеседі. Сондықтан болашақта мүмкіндігіміз болса, біз тағы да бұл сайысқа қатысуға қуаныштымыз», – деп атап өтті Қытай саяси ғылымдар және құқық университеті (ҚХР) командасының өкілдері.

Сайыс қорытындысы бойынша орыс лигасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Қазақстан), Maqsut Narikbayev University (Қазақстан) және В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университетінің (Ресей) командалары көш бастады, ал ағылшын лигасында үздік нәтижелерді Малайя университетінің (Малайзия), Румын-американ университетінің (Румыния) және Макгилл университетінің (Канада) студенттері көрсетті. Конкурстың жеңімпазы Малайзияның тұңғыш және ең беделді жоғары оқу орны – Малайя университетінің командасы атанды.

Конкурстың жалпы жүлде қоры бес миллион теңгеден асты. «Іс-шараны ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Пікірсайыс кезеңі танымдық және өте қызықты болды. Екінші күні де маңызды болды, өйткені біз жобамызды 6-7 сағат бойы дайындадық. Бұл жаңа тәжірибе, бәрі керемет. Біз жақсы өнер көрсеттік, 10 балдың ішінен 7-8 деген баға беруге болады. Келесі жылы да қатысып, міндетті түрде сенімдірек және мықтырақ келуді қалаймыз», – деп атап өтті Almaty Management University (Қазақстан) командасының өкілдері.
«Бұл тек байқау ғана емес, сонымен қатар ғылымда және бір-бірімен байланыс орнату. Қазіргі заманғы әлем соншалықты тез дамып келе жатыр, мысалы, ЖИ басымдыққа ие болды. Біз Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын білеміз, бұл өте маңызды сәт. Жалпы, ғылым әлемді құтқарады деп ойлаймын», – деді Баку мемлекеттік университеті (Әзербайжан) командасының мүшесі Парвиз Гасанов.

Сайыстың мәдени бағдарламасы аясында қатысушылар елорданың көрікті жерлерін аралап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Конкурс АХҚО Соты, «Kazakhstan Bar Association» заң консультанттар палатасы және «Baker McKenzie» халықаралық заң фирмасының қолдауымен өтті. Сондай-ақ іс-шараға Қазақстанның Даму банкі, «Unicase», «KP Disputes», «Turkenov Consulting» заң фирмалары және адвокат Рена Керімова қолдау білдірді.

«Бұл біз өмір сүріп жатқан әлемде жасанды интеллектіні құқықтық реттеу мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қарастыратын Қазақстандағы жалғыз және әлемдегі санаулы шаралардың бірі. Студенттердің жобалары жоғары деңгейде және мен олардың ұсыныстарының көпшілігі қазірдің өзінде заң шығарушылар тарапынан қаралып жатқанына немесе жақын арада оларға жүгінетініне сенімдімін. Уақыт өте жылдам өтіп жатыр, қазір біз айтып отырған мәселелер ол біздің ертеңіміз. Сондықтан бұл туралы міндетті түрде ойланып, айту керек», – деді «Baker McKenzie» халықаралық заң фирмасының серіктесі Александр Коробейников.
«Біз Legathon MaxUP-қа қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Сіз көрсеткен қонақжайлылық бізге өте ұнады және адамдарыңыз өте мейірімді. Біз өте толқыдық, байқауларға қатыстық және бұл өте қызықты болды. Астана қаласы өте әдемі, біз сәулет элементтері бар көптеген ғимараттарды көрдік. Қазақстан астанасына қайтадан келеміз деп үміттенемін. Басқа командалар да бәсекеге қабілетті болды, олар шынымен де жақсы болды және біз олармен өзара іс-қимылға өте қуаныштымыз», – деп атап өтті Шри-Джаяварденепура университеті (Шри-Ланка) командасының өкілдері.

Айта кетейік, келесі International Legathon MaxUP 2027 жылы өтеді.