Жоба тобы Қазақстандағы заң шығару тәжірибесін талдап, оны жетілдірудің алты негізгі бағытын халықаралық тәжірибеге сүйене отырып айқындады. Талдау нәтижесінде заң шығару процесіне қоғамның қатысуының жеткіліксіздігі, заңнаманың тұрақсыздығы, реттеушілік әсерді талдаудың (РӘТ) тәуелсіздігі мен қамтылуының жеткіліксіздігі, сондай-ақ заңнамалық актілер иерархиясындағы және заң жобаларын әзірлеу процесінің кәсібиленуіндегі мәселелер анықталды.
Жоба тобы келесідей ұсыныстар енгізеді:
- Заң жобаларын әзірлеу процесіне қоғам мен жергілікті билік органдарының неғұрлым белсенді және мағыналы қатысуын қамтамасыз ету үшін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, оның ішінде заң жобаларын бастамашылдары тарапынан кері байланыс беруді міндетті ету;
- Мәжілісте заң жобаларын қарау үшін ең төменгі мерзімдерді және өзгерістер енгізудің нақты негіздерін белгілеу арқылы заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыру;
- Реттеушілік әсерді талдауды барлық заңнамалық бастамаларға кеңейту, оның тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оны жүргізудің нақты мерзімдері мен бюджеті белгілеу;
- Сарапшылардың ұсынымдары бойынша заң жобаларын бастамашылдарына міндетті түрде кері байланыс беруді заңмен бекіту және сараптамалық қорытындыларды дайындау мерзімдерін ұлғайту арқылы заңнамалық шешімдердің сапасын арттыру;
- Заңнама және құқықтық ақпарат институтының мәртебесін көтеріп, оны Үкімет жанындағы заң жобаларын әзірлеудің орталық хабы ретінде айқындау, сонымен қатар заң жобаларын әзірлеудің барлық кезеңдерінде құқықтық сүйемелдеу жүйесін құру және сарапшылардың бірыңғай тізілімін енгізу;
- Заңнамалық актілер иерархиясын реттейтін Конституциялық заң әзірлеу, бұл құқықтық коллизияларды жоюға және құқық қолдану тәжірибесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.