Maqsut Narikbayev University-ге IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресінің делегаттары келді. Олар университеттің заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Кітапхана ісі саласындағы ірі халықаралық іс-шараның делегаттары университет кітапханасының қызметіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, Корея Жоғарғы сотының кітапханасымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ынтымақтастық аясында MNU құқықтану саласында сапалы басылымдар мен материалдар алады.
IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі Астанада өткен аптада алғаш рет өтті. «Білімді біріктіріп, болашақты қалаймыз» тақырыбындағы іс-шара 114 елден келген 1700-ге жуық қатысушыны біріктірді. Төрт күн бойы конгресс аясында озық үрдістер, сандық инновациялар және кітапхана желісінің тұрақты дамуы талқыланды.
Айта кетейік, Maqsut Narikbayev University-де екі кітапхана жұмыс істейді, оның біреуі қоғамдық болып табылады. Кітапхана қорында 192 мыңнан астам баспа кітабы бар.


