MNU Logo
Мақсұт Нәрікбаевтың 85 жылдығы: MNU-де құрметті ректорды еске алу кеші өтті - MNU

01.04.2025

Мақсұт Нәрікбаевтың 85 жылдығы: MNU-де құрметті ректорды еске алу кеші өтті

Мемлекет және қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай MNU-де «Асыл мұра» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға белгілі заңгерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, туыстары, достары және шәкірттері жиналды. Бұл күні MNU құрметті ректорының білім орданың дамуында ғана емес, адамдардың жүрегінде қандай мұра қалдырғаны туралы естеліктер айтылды.

Кеш естеліктер мен әсерлі сәттерге толы жылы және рухани атмосферада өтті. Қонақтар Мақсұт Сұлтанұлының даналығы, талапшылдығы, әділдігі және өз ісіне адалдығы сияқты қасиеттерін атап өтті. Сонымен қатар, оның мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі туралы баяндайтын деректі фильм мен сайт таныстырылды. Театрландырылған қойылымдар мен музыкалық нөмірлер ақсақал жанының тереңдігі мен заңгер ұрпақтарына ықпалын бейнеледі.

Шарада Бас прокуратура, Жоғарғы сот және Әділет министрлігінің басшылығының үндеулері оқылды. Бұл үндеулерде Мақсұт Нәрікбаевтың мемлекеттіліктің нығаюы мен құқықтық жүйенің дамуына қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлаудағы еңбегі атап өтілді. Көрнекті заңгердің басшылығымен Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» заңы қабылданып, сот билігі мемлекеттік биліктің дербес тармағы мен арнайы конституциялық мемлекеттік функция болып бекітілу бойынша шаралар жүзеге асты.

«Мақсұт Нәрікбаев прокуратура органының мәртебесін күшейту бойынша нақты қадамдар жасады. Азаматтардың құқықтары мен бостандығының сақталуын қадағалау, жедел-іздестіру қызметі мен әкімшілік іс жүргізудің заңдылығын сақтау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелерінің тиімді бағыттарын айқындады. Қалалық және аудандық деңгейдегі бөлімшелердің жұмыс ауқымын ескеріп, олардың штат санын арттыруға күш салды. Жалпы, сол кезеңдегі уақыт талабына сай прокуратура қызметін тұжырымдамалық тұрғыда өзгертіп, оны заң қорғаны ретінде қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда жаңа құқықтық мәдениетті насихаттау жолында аянбай еңбек етті», деп атап өтті Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов өз хатында.

Бас прокурор (1995-1996), Жоғарғы соттың төрағасы (1996-2000) қызметтерін атқарған Мақсұт Нәрікбаев республикада құқықтық мемлекет қалыптастыру және дамыту ісіне зор үлес қосты. Еске алу кешінде кейбір қонақтар, заң ғылымдарының докторы Қазақстан Судьялар одағын құру мен Жоғарғы соттың Әділет министрлігінен бөлінуіне бастамашысы болғанын атап өтті. Бұл еліміздегі жоғары сот органының тәуелсіздігін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, профессор Нәрікбаев жаңа кадрларды белсенді түрде дайындап, заңгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп, құқық мамандығы – әділеттілік пен заңға қызмет ету түсінігін қалыптастырды.

«Мен Мақсұт Сұлтанұлынан ұжымды басқару, қызметкерлерге деген қарым-қатынас, жалпы қызметтік борышты орындау бойынша мол тәжірибе жинақтадым. Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы, университет басшысы ретіндегі қызметі әрқашан айналасындағы барлық адамдардан жан-тәнімен толық беріліп жұмыс істеуді талап етті. Оның еңбегі, қоғамға деген көзқарасы қаншалықты батыл адам болғанын тағы да көрсетеді», – деді MNU Professor Emeritus Марат Қоғамов.

«Мақсұт Сұлтанұлы – энергия мен идеяның қайнар көзі болды. Қандай іспен айналысса да, бәрін тамаша атқаратын. Ол өз ынтасымен, шексіз белсенділігімен барлығын өзіне тартып алатын. Ұлы адам өмірден озған кезде оған ескерткіш орнатылады. Ғалымның аты өшпес дегендей, менің ойымша, артынан үлкен із ретінде өшпес білім қайнарын – қазіргі таңда оның есімі берілген университетті қалдырды», – деп атап өтті MNU құрметті профессоры Игорь Рогов.

Шын мәнінде, Мақсұт Нәрікбаевтың өміріндегі басты жобалардың бірі – КАЗГЮУ Университеті (қазір – Maqsut Narikbayev University) болды. Университетте ол ректор (2000-2007, 2012-2013), Директорлар кеңесінің төрағасы (2007-2008), президент (2008-2012, 2013-2015) қызметтерін атқарды. Ол ғылыми кадрларды даярлауға белсене атсалысып, білім мен ғылымды жетілдірудің жаңа әдістерін енгізді. MNU көшбасшы оқу орындарының қатарына кіріп, жаһандық білім кеңістігінде өзіндік орнын дәлелдеді. Оның стратегиялық бастамалары академиялық процесті жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, жоғары білікті мамандар даярлауға және университет бағдарламаларын беделді халықаралық аккредитациялық агенттіктерде мойындатуға үлкен серпін берді. 

«Мақсұт Сұлтанұлының білім саласына сіңірген еңбегі айрықша. Университетімізді 15 жылдан астам уақыт бойы басқарып, Астанадағы қазіргі жаңа оқу ғимаратын салынуына жеке кепілдігімен үлкен несие алып, тәуекелге барған болатын. Бірақ, оның ойынша, ең бастысы ғимараттың өзі емес, оның ішіндегі білім сапасы болды. Ол студенттердің болашағы үшін жұмыс істеді», – деп атап өтті MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.

Мақсұт Нәрікбаевтың әділетті қоғам құруға деген идеялары, еңбектері мен талпыныстарын оның шәкірттерінің істерінде, университет қабырғасында және Қазақстанның құқықтық жүйесіне енгізген өзгерістерінен байқауға болады. «Асыл мұра» іс-шарасы ұлы тұлғаға құрмет болып ғана емес, оның еңбектері мен принциптерінің азаматтарда, университеттік ортада, сот тәжірибесі мен елдің құқықтық саласында әлі де өмір сүріп жатқанын еске салатын кеш болды. 2025 жылғы 30 наурызда Мақсұт Сұлтанұлы 85 жасқа толар еді.

Фото 1
Фото 2
Фото 3
Фото 4

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Барлық жаңалықтар
Барлық жаңалықтар
Нарикбаев Талгат Максутович
Председатель Правления АО «Университет КАЗГЮУ имени М.С. Нарикбаева»
Пішінді толтырыңыз

    Тілді таңдаңыз

    Мәртебесі

    Міндетті түрде

    Академиялық дәреже

    Міндетті түрде

    Азаматтық

    Міндетті түрде

    Аты

    Міндетті түрде

    Тегі

    Міндетті түрде

    Электронды пошта

    Міндетті түрде

    Ұялы телефон нөмірі

    Міндетті түрде


    Пішінді толтырыңыз

      Аты-жөні

      Міндетті түрде

      Электронды мекенжайы

      Міндетті түрде

      Телефон нөмірі

      Міндетті түрде

      Сізде ғылыми дәреже бар ма?

      Міндетті түрде

      Қызмет атауы

      Міндетті түрде

      Сіздің түйіндемеңіз