Maqsut Narikbayev University студенттеріне Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде мансап құру перспективалары туралы айтылды. Университетте AITAS ірі агрохолдингі өкілдерінің қонақ дәрісі өтті.
Дәріс барысында «Aitas Agro» ЖШС тең құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Талғат Алдажаров пен агрохолдингтің кәсіби құрамын іріктеу және бейімдеу бағытының жетекшісі Тоғжан Тынышбаева сөз сөйледі. Олар компания қызметі туралы жан-жақты айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ бизнес пен университеттердің өзара іс-қимыл мүмкіндіктері, компанияның әлеуметтік жобалары және тәжірибеге бағдарланған білім беруді дамытуға ерекше назар аударылды.
Агрохолдинг өкілдері студенттер арасында болашақ басқарушыларды іздеуге және дамытуға бағытталған «Talents school» білім беру жобасын таныстырды. Жоба аясында жыл соңына дейін кейс-чемпионат, білім беру бастамалары, бизнесмендер мен сарапшылармен менторлық кездесулер өтеді. Жоба MNU Халықаралық экономика мектебінің студенттері арасында білім беру грантының екі иегерін анықтаумен аяқталады.
Айта кетейік, AITAS өсімдік шаруашылығы, құс етін өндіру және қайта өңдеу, дистрибуция саласындағы 15-тен астам компанияны біріктіреді. 30 жыл ішінде холдинг еліміздің аграрлық секторындағы көшбасшылардың біріне айналды.




