
Maqsut Narikbayev University «XXI ғасыр көшбасшысы» республикалық зияткерлік ойынның жеңімпазына білім беру грантын тапсырды. Сертификатқа Түркістан облысы Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Нұрай Нұртаза ие болды.
Ауқымды тележоба биыл «Хабар» телеарнасының эфирінде еліміздің әр өңірінен келген 108 мектеп бітіруші сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Зияткерлік ойынның әрбір кезеңі төрт раундтан тұрды, ал көптеген сұрақтар Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиетіне арналған. «XXI ғасыр көшбасшысы» атағына Нұрай Нұртаза (Сарыағаш қ.), Серік Нұрдәулет (Орал қ.) және Бекзат Балтамаш (Жетісай қ.) ие болды.
Айта кетейік, MNU дарынды жастарға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Мемлекеттік гранттардан басқа мектеп түлектері үшін ішкі гранттар конкурсына қатысу қолжетімді. Университет Maqsut Narikbayev Scholarships республикалық олимпиадасын, сондай-ақ шетелдік талапкерлерге, NIS және BIL мектептерінің түлектеріне арналған олимпиадаларды өткізеді.
