Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жобалық офисінің кезекті отырысы өтті. Жиында заңгерлер, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар құқықтық актілердің оқылуын бағалау құралдары мен олардың заң шығармашылығының сапасын арттырудағы рөлін талқылады. Іс-шараны MNU-дің Құқық жоғары мектебі мен MIND ғылыми-талдау орталығы ұйымдастырды.
Отырыс барысында сарапшылар Қазақстан заңдарының оқылуын жақсартуды ұсынды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов отандық заңнамада құқықтық нормалардың орыс тілінен қазақ тіліне дәл аудармасы жиі болмауын және олардың сәйкессіздігін атап өтті, бұл өз кезегінде оларды түсіну мен қолдануды қиындатады. Сенатордың пікірінше, заңдар қолжетімді әрі нақты тілде жазылуы тиіс.
Maqsut Narikbayev University провосты Сергей Пен құқықтық құжаттардың оқылуын жасанды интеллект көмегімен зерттеуге бағытталған Readability of Legal Acts ғылыми-зерттеу жобасын таныстырды. Бұл жобаны MNU-дің Құқық теориясы және философиясы ғылыми мектебі ғылыми-талдау орталығы MIND-пен бірлесіп әзірлеген. Жоба аясында заң мәтіндерін талдау әдістемесі, сондай-ақ жасанды интеллект алгоритмдері арқылы құқықтық нормаларды қалыптастыру үшін сұранысты дұрыс тұжырымдау тәсілдері ұсынылды.

“Құқықтық актілердің оқылуын бағалау құралдарын дамыту бізге азаматтардың өмірі мен мемлекеттік институттардың жұмысына тікелей әсер ететін нормативтік-құқықтық құжаттарды қолжетімді, түсінікті әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Біз үшін құқықтық мәдениетті арттыруға және заң шығармашылығы процесіне инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған бастамаларды қолдау маңызды. Readability of Legal Acts жобасы Maqsut Narikbayev University-дің тек академиялық институт қана емес, сонымен қатар құқықтық реформалардың белсенді қатысушысы болуға ұмтылысын көрсетеді“, – деп мәлімдеді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова заңнаманы реформалау әдістемесі туралы айтып, заңгерлер сынақтан өткізген кейстерді таныстырды. Сонымен қатар, MIND орталығының Социологиялық инновациялар бөлімінің жетекшісі Дмитрий Серебренников заңнамалық құжаттардың оқылуын бағалауға арналған бірыңғай стандарттарды әзірлеу қажеттілігіне тоқталды. Құқық жоғары мектебінің директоры Ольга Бектибаева мен профессор Антон Дидикин күрделі тұжырымдарды олардың құқықтық дәлдігіне нұқсан келтірмей, түсініктілігін арттыру мақсатында бейімдеу мысалдарын ұсынды.
Маңызды оқиғалардың бірі “Құқықтану” білім беру бағдарламасының жетекшісі Сағидолла Баймұраттың “Қазақ-орыс заң сөздігі: заңнамадағы қателер және түсіндірмелер” атты кітабының таныстырылымы болды.
Сарапшылар құқықтық актілердің оқылуын жақсарту тиімді заң шығармашылығы процесін дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Заңдардың қолжетімді тілі құқықты қолдануды жеңілдетуге, құқықтық сауаттылықты арттыруға және заңдық қауіп-қатерлерді азайтуға ықпал етеді. Заңнаманы реформалауда жасанды интеллектті қолдану нормативтік актілердің сапасын арттыру мен оларды заманауи талаптарға бейімдеуде маңызды қадам бола алады.
Maqsut Narikbayev University Қазақстандағы заңнамалық бастамаларды әзірлеуге белсенді қатысуды жалғастыруда. Сенатта талқылау қорытындылары парламенттік тыңдауларды дайындау және Үкіметке ұсынымдар әзірлеу барысында ескерілетінін атап өтті.