Maqsut Narikbayev University Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенімен табысты серіктестікті дамытуда. Еліміздің ірі медиахолдингі Халықаралық журналистика мектебінің студенттері мен түлектері үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады.
Белсенді серіктестік 2023 жылдан бастап меморандум аясында жалғасуда. Бұл талантты жастарды қолдау мен кәсіби дамытудағы, қоғам мен мемлекеттің заманауи коммуникативтік сұраныстарына жауап беретін журналистік корпусты қалыптастырудағы маңызды қадам. Қол қойылған құжат аясында MNU Халықаралық журналистика мектебі іске қосылды.
Серіктестік аясында университет базасында Президент Телерадиокешені қызметкерлерінің дәрістері, тренингтері мен шеберлік сыныптары жиі өткізіледі. Сондай-ақ студенттер медиахолдинг серіктестерінің ірі жобаларына қатысады. Бұған дейін MNU-да Қытай Медиакорпорациясының (CMG) іс-шаралары, сондай-ақ Al Jazeera оқу аптасы өткен болатын.
Президент Телерадиокешені болашақ журналистердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөледі. Медиахолдинг бұған дейін білім гранттарын бөліп, студенттерді өндірістік практикаға үнемі шақырады және түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін басым тәртіппен ұсынады. Бүгінде шамамен 15 студент практикадан өтуде, ал Халықаралық журналистика мектебі түлектерінің үштен бірі Телерадиокешеннің құрылымдарында табысты қызмет атқаруда.
«Қазақстанда ағылшын тілінде контент жасау мүмкіндігі бар медиа көп емес. Президент Телерадиокешенінде өзім үшін маңызды нәрсенің барлығын біріктіре алдым: аналитика, ағылшын тілі және телевизия. Университет пен медиахолдингке барлық мүмкіндіктер үшін алғысымды білдіремін», – деді Silk Way телеарнасының тілшісі Әлмир Әміров.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені республикалық Jibek Joly телеарнасы, Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime халықаралық телеарналары, Jibek Joly радиосы, Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігі мен Деректі кино орталығын біріктіреді.
