Maqsut Narikbayev University-де Халықаралық араб тілі күні атап өтілді. Жоғары оқу орнында көптеген араб мемлекеттері елшіліктерінің көрмесі өтті.
Көрме Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп, араб мемлекеттері елшіліктерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шара 300-ден астам адамды біріктірді. Көрмеге қатысушылар Алжир, БАӘ, Иордания, Ирак, Қатар, Кувейт, Ливан, Ливия, Марокко, Мысыр, Оман, Палестина және Сауд Арабиясы елдерінің мәдени мұрасымен танысты.
«Біздің өңірдің тарихында араб тілі ерекше орын алады. Ғасырлар бойы қазақ даласы жалпы мәдени және зияткерлік кеңістіктің бір бөлігі болды. Онда араб тілі ғылым, философия, құқық және білім беру тілі ретінде қызмет етті. Бұл тарихи және мәдени байланыстар тілдердің тек қана коммуникация құралы ғана емес, өркениеттер арасындағы көпірлер екенін еске салады», – деді MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев.
Оның айтуынша, көрме елдер арасындағы байланыстардың тереңдігін және диалогқа, өзара түсіністік пен академиялық ынтымақтастыққа деген ортақ ұстанымды көрсетеді. Талғат Нәрікбаев аталған іс-шараны университетте жыл сайын өткізуді ұсынды. Бүгінгі таңда араб тілінде сөйлейтіндер саны 450 миллионнан асады, ал оның ресми мәртебесі шамамен әлемнің 25 елінде бар.
«1973 жылдың 18 желтоқсанында араб тілі ресми түрде Біріккен Ұлттар Ұйымының алтыншы ресми тіліне айналды. Шараға жастардың көптеп қатысатынын байқап отырмыз. Олардың қызығушылығы қуантуда, ал кейбіреулері араб тілінде сөйлейді. Орталық Азия араб тілі үшін маңызды, себебі өңірден көптеген ғалымдар шықты. Олардың қатарында барша мұсылман әлеміне кеңінен танымал Әбу Насыр әл-Фараби де бар», – деді Сауд Арабиясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Фейсал Ханиф әл-Кахтани.
Айта кетейік, бұған дейін MNU-да Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының Бас хатшысы Абдулла Әл-Вашми болып, университет базасында тегін араб тілі курстарын іске қосу мүмкіндігі туралы ұсыныс жасады.








