Maqsut Narikbayev University-де «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының негізгі ережелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Университет басшылығы мен профессорлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, заңгер ғалымдар мен сарапшылар жаңа заң жобасының негізгі жаңашылдықтары бойынша пікір алмасты.
Заң жобасы ҚР Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленді. Құжатта мінсіз бедел институтын енгізу, бір лауазым шеңберінде «Б» корпусы қызметшілеріне деңгейлес көлденең өсу тетіктерін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау қажеттілігі туындаған жағдайда жауапкершіліктен және бюрократиядан қаймықпай басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін нормаларды енгізу көзделген. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай атап өткендей, заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптары жаңаша айқындалған.

«Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін деген» іргелі қағидасы мемлекеттік аппараттың жұмысын ашық, адамға бағдарланған сипатта ілгерілетуді талап етеді. Жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді. Отансүйгіштікті, ашықтық пен кәсібилікті, клиентке бағдарлану мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қамтитын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарлануда», – деді Дархан Жазықбай.
Айта кетейік, заң жобасында кадрлық іріктеу мүмкіндігін кеңейтуге арналған ішкі конкурстарды жою және дарынды жастарды мемлекеттік органдарға тарту мақсатында ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру жоспарланған. Пікірталас барысында Maqsut Narikbayev University профессорлар тобы сөз сөйледі. Сондай-ақ MNU Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған заң жобасын талқылаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Ұсынылып отырған жоба – сайланбалы әкімдердің мәртебесін нақтылау, кадрлық ақпарат жүйесін енгізу, басқарушы лауазымдарға ашық іріктеу жүргізу, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту сияқты маңызды өзгерістерді қамтиды. Сонымен қатар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мәртебесін арттыру жөніндегі ұсыныстар – кәсіби кадрлар даярлау жүйесінің тиімділігін күшейтуге бағытталған», – деді Талғат Нәрікбаев.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ұсынылып отырған заңнамалық шаралар мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет етуіне, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметіне қоғам сенімінің артуына ықпал етеді деген пікірге келді. Іс-шара қорытындысында сарапшылар ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.


